Елімізде президент болуға өзін ұсынып жатқан азаматтар белгілі болды. Әзірше олардың саны — тоғыз. Оның алғашқы үшеуі кандидатурасын ресми түрде ұсынды, қалғаны ұсынуға ниетті екенін айтқан. Олар кімдер? Материалда айтып береміз.

Жигули Дайрабаев — «Атамекен» ҰКП Төралқасы Агроөнеркәсіптік кешен комитетінің төрағасы және Қазақстан фермерлері қауымдастығының төрағасы. Жасы 67-де. 2015 жылдың қазан айынан 2019 жылдың желтоқсан айына дейін «Қазақстан фермерлер одағы» Жамбыл облыстық филиалының төрағасы қызметін атқарды. Үйленген, үш баласы мен жеті немересі бар.

Нұрлан Әуесбаев — Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Астана қалалық филиалының төрағасы. Президент болуға осы партия атынан ұсынылды. Мамандығы – заңгер-экономист. Түркістан облысында туған. 65 жаста.

Мейрам Қажыкен — экономика ғылымдарының докторы, профессор. 61 жаста, Павлодар облысының тумасы. «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің Экономикалық зерттеулер институтын басқарады. «Ынтымақ» партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі. Оның кандидатурасын Кәсіподақтардың республикалық қауымдастығы – «Аманат» Қазақстан кәсіподақтары достастығы ұсынған. Кандидат жеңіске жететініне сенемді екенін айтқан.

Әміржан Қосанов — саясаткер, қоғам қайраткері, екі тілде сөйлейтін журналист (қазақ және орыс тілдерінде) және баяндамашы. 1979 жылы 13 мамырда Қызылорда облысында дүниеге келген. 2019 жылы «Ұлт тағдыры» біріккен ұлттық патриоттық қозғалысы атынан президент лауазымына ұсынылып, ең көп дауыс жинаған алғашқы үштікке керді. Әміржан Қосановқа 1 495 401 адам дауыс беріп, барлық дауыс берген азаматтардың 16,23%-іне ие болды. Бұл — Қасым-Жомарт Тоқаевтан кейінгі көрсеткіш.

Жасарал Қуанышалин — кеңес және қазақ журналисі, оппозиционер, қоғам және мемлекет қайраткері. 1949 жылы Ақтөбе облысында туған. 2006 жылы Қазақстан президентінің ар-намасына қол сұқты деген айыппен 2 жылға сотталды. Дегенмен рақымшылыққа ілініп, сот залында жазасын өтеуден босатылды. Ол — Қазақстан журналистері одағының мүшесі.

Серік Әбдірахманов — Кеңестік қазақ комсомолы, шаруашылық қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты. 1951 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 2008-2011 жылдары «Әділет» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары болған.

Уәлихан Қайсаров — «Ауыл балалары» қайырымдылық қорының президенті. 1965 жылы Қарағанды облысында туған. 2011-2012 жылдары «Әділет» демократиялық партиясын төрағасының бірініші орынбасары болды. 2005, 2011 және 2015 жылдары президент сайлауына кандидат ретінде тіркелген. 2005 жылы тиісті мөлшердегі қолдаушылар қолын жинай алмады, 2011 жылы қазақ тілінен емтиханнан өте алмаған. Ал 2015 жылы ҚР азаматы болмай шықты.

Хасен Қожахмет — саяси белсенді, композитор, «Азат» демократиялық партиясының және «Қазақ елі» каолациясының төрағасы. 1949 жылы туған. Желтоқсан оқиғасына қатысқан. 1991 жылы жалпыхалықтық президент сайлауында кандидатурасын ұсынған, бірақ қолдаушылар саны жетпеді. 2015 жылы да президент болуға ниеттенген. Ол экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сыни қарсыласы ретінде белгілі.

Нұржан Әлтаев — мемлекет қайраткері, Парламент мәжілісінің VI шақырылымының экс-депутаты. Тіркелмеген «Ел тірегі» партиясының лидері болған. Президенттікке өзін ұсынудағы негізгі мақсаты деп мынаны айтады: «Әуелі, өзгерісті қатты қалаймын. Біздің елімізге өзгеріс өте керек. Қазақстанда жаңа формацияның демократиялық оппозициясы ақыры өзін жариялауы қажет. Өзгеріс уақыты келді, бара алатын жолды таңдайтын уақыт келді».
Айта кетейік, 2022 жылғы 20 қарашада елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтеді.