Мемлекет басшысы Түркістан облысы халқымен кездесуінде өңірдегі демографиялық өсім туралы айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Түркістан облысы – еліміздегі халық ең тығыз қоныстанған аймақ. Мұнда 2 миллионнан астам адам тұрады.
Президент әлеуметтік саладағы бастамалар әр азаматтың тұрмысына өзгеріс әкелетінін айтты. Облыста апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектептер әлі де бар. Мемлекет бұл мәселені шешуге барынша күш салатыны айтылды.
Кейінгі жылдары 83 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Қазір 59 мектеп салынып жатыр. Себебі, еліміздің әрбір 7-ші сәбиі осы өңірде дүниеге келеді. Оларға сапалы білім ордаларын салып, жағдай жасау – маңызды міндеттің бірі,
деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, облыста демографиялық өсім бойынша Сарыағаш ауданы көш бастап тұр.
Оңтүстіктегі 6 ауданда 900 мыңға жуық адам тұрады. Демографиялық өсім бойынша Сарыағаш ауданы көш бастап тұр. Сондықтан, осы ауданда перзентханасы бар медициналық кешен салуды тапсырамын,
деді мемлекет басшысы.
Президент мұндай кешен салуға қажет қаржыны республикалық бюджеттен бөлу керек екенін айтты.