Мемлекет басшысы қазір Қарағанды облысында іссапарда жүр. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысы жұртшылығымен кездесті. Кездесуде Қарағанды облысы еліміздің дәл ортасында орналасқандықтан, оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын ең басты күре жол осы өңірді басып өтетінін айтты.
Қазір «Орталық – Оңтүстік» көлік дәлізі салынып жатыр. Балқаш қаласы арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп, мерзімі қайта-қайта кейінге шегерілді. Үкіметке «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» тас жолын келесі жылы салып бітіруді тапсырамын,
деді мемлекет басшысы.
Президент «Қарағанды – Жезқазған» күре жолы да аса маңызды екенін айтты. Ұзындығы 500 шақырымнан асатын жол жөнделсе, орталық өңірлерге барыс-келіс жақсарады. Жүк тасымалы көбейеді. Бұл Ұлытау облысын дамытуға зор септігін тигізеді. Екі облыстың инвестициялық және туристік мүмкіндігін арттырады.
Осы жолды жөндеу жұмысына алдағы жылы дереу кірісу керек. Сондай-ақ, «Қарағанды – Қарқаралы» тас жолын жөндеуді тапсырамын. Қарқаралының туристік әлеуетін арттыру мақсатында бұл жұмысты алдағы екі жылдың ішінде аяқтау қажет,
деді Қасым-Жомарт Тоқаев.