Мемлекет басшысы Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа 14-15 қыркүйекте елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне дайындық туралы мәлімет берілді.
Парламент Сенатының төрағасы, Съезд хатшылығының меңгерушісі Мәулен Әшімбаев дінаралық форумға 50-ден аса елден 100-ден астам делегация келетінін айтты. Бұл жиынға Рим Папасы Франциск, Әл-Азһардың Жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб және басқа да діндер көшбасшысы қатысады деп жоспарланып отыр.
Алдағы іс-шара әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының қызығушылығын тудырып отыр. 200-ден астам шетелдік және 300-ден астам қазақстандық БАҚ өкілдері аккредитациядан өткен,
деп хабарлады Мәулен Әшімбаев.
Съезд аясында декларация қабылданады. Бұл қорытынды құжат форумға қатысушылардың өркениетаралық және конфессияаралық, сондай-ақ жаһандық дамудың өзекті мәселелеріне деген ұстанымын білдіреді.
Президент қазіргі жағдайда съезд өткізудің маңызы жоғары екеніне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық диалог мәдениетін ілгерілету қажет екенін және Қазақстанның осы процеске қатысуы маңызды екенін айтып өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына Сенаттың алдағы уақытқа арналған жұмыс жоспары баяндалды.