Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында өскелең ұрпақтың игілігі үшін бірнеше бағдарламаны іске асыруға тапсырма берді. Олардың бірегейі — «Ұлттық қор – балаларға» жаңа бағдарламасы.
Әрбір отбасы елдің ұлттық байлығын пайдаланудан нақты қайтарым алуға тиіс. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылы аясында «Ұлттық қор – балаларға» қағидатты түрде жаңа бағдарламасын бастау өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақтаушы шоттарына мерзімінен бұрын алу құқығынсыз аударуды ұсынамын.
Кәмелетке толғаннан кейін жинақталған сома тұрғын үй сатып алуға және білім алуға бағытталатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нағыз жолдама береді. Қор шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болады және халықтың мүдделеріне қызмет ететін болады,
деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жобаны 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынатыны туралы жариялады. Бұл бағдарлама аясында 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалмақ.
Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесі толық шешіледі. Сондай-ақ, бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек,
деп атап өтті президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жоғары білім алатын жастарды да ұмытпады. Қазақстанда оқуға жеңілдетілген несие берілетін болады.
Мемлекет білім беру гранттарын бөлуді жоспарлап отыр, олар ҰБТ нәтижелеріне және өзге де көрсеткіштерге байланысты мөлшері бойынша 30-дан 100%-ға дейін сараланады. Оқу үшін жылдық 2-3% жеңілдікпен несиелер де беріледі,
деді ол Қазақстан халқына Жолдау аясында.
Жолдауда айтылған тағы бір маңызды шешімдердің бірі — 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтіміне байланысты төлемді 1,5 жылға дейін ұзарту.
Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жұмысынан айырылғаны үшін төлемдер орташа айлық табыстың 45 пайызына дейін өседі. Бұл олардың жұмысқа оңай әрі жылдам оралуына көмектеседі,
деді мемлекет басшысы.