Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 9 қарашада Владимир Путин Астанаға ресми сапармен келеді.
Бұл жайлы Ресей бұқаралық ақпарат құралдары жарыса ақпарат таратып жатыр. Дереккөз – «Мәскеу. Кремль. Путин» телебағдарламасы. Жүргізуші Павел Зарубин Telegram арнасында бағдарламаның үзіндісін көрсеткен. Оның айтуынша, Путинді Қазақстанда маңызды келіссөздер күтіп тұр, деп жазады Qaz365.kz.
Журналист жақында Қазақстан мен Өзбекстанға Франция Президенті Эммануэль Макарон келгенін еске салады. Батыс баспасөзі бұл жөнінде жарыса жазып, кейбірі қызу талқыланған. Зарубин «Ресейдің әртүрлі мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға құрметпен қарайтынын» атап өткен. Оның айтуынша, Мәскеу ЕАЭО және ТМД елдерімен қарым-қатынас орнатуды жалғастырып жатыр.
Бағдарламада сонымен қатар Путинді келесі аптада Ресей ішіндегі маңызды шаруалар күтіп тұрғаны аталып өтеді. Ресей басшысы Қауіпсіздік кеңесінің мүшелерімен, министрлер кабинетімен кездесіп, елдегі онкологияға қарсы күресті талқыламақ.
Бұған дейін Ресейдің сарапшылары Қазақстан мен Өзбекстанға барған Эммануэль Макронды сынап, ол Орталық Азияға бару арқылы АҚШ-пен ойнағысы, Париж өздігімен сыртқы саяси шешімдерді қабылдағысы келетінін айтысқан. Ресей саясаттанушылардың көбі Париж Вашингтонның ықпалынан шыға алмай отыр деп есептейді.
Ресей Федерациясының президенті Қазақстанға келетінін Ақорданың баспасөз қызметі растады. Сапар барысында екі ел басшылары келіссөз жүргізіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің өзекті мәселелерін талқылайды деп жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, президенттер Қостанайда өтетін Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнебайланыс режимінде қатысады.