28 қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев РФ премьер-министрі Михаил Мишустинмен кездесуде президент Владимир Путиннің Ресей, Қазақстан және Өзбекстанның үшжақты одағын құру туралы ұсынысы туралы айтты.
Бұл туралы Interfax басылымы хабарлады.
«Иә, қосымша келісуді және тіпті келіссөздерді қажет ететін мәселелер бар. Атап айтқанда, газ саласы туралы. Бірақ мұнда ешбір сұрақты драматизациялаудың қажеті жоқ. Мен Владимир Владимировичке (Путин) мұндай мәселелер барын, олар талқылауды қажет ететінін айттым, бірақ бұған негатив рең берудің қажеті жоқ. Бұл жұмыс мәселелері», — деді Тоқаев Кремльдегі жоғары деңгейдегі Ресей-Қазақстан келіссөздерінен кейін өткен Ресей премьер-министрі Михаил Мишустинмен кездесуде.
Қазақстан президенті «Біз тиісті уағдаластықтарға қол жеткіземіз» деген сенім білдірді. Ол сондай-ақ «Бүгін Владимир Владимировичпен сөйлестім, ол бізге үш жақты одақ құру керек екенін және Өзбекстан президентіне телефон соққалы отырғанын айтты», — деп хабарлады.
Ол «Түпкілікті қорытынды мен келісімге келу үшін мамандарымызды айтпағанда, бізге, маған да бұл тақырыпқа егжей-тегжейлі дендей ену керек» деп қосты.
«Неге болмасқа», – деп қорытындылады Қазақстан президенті.
Кейін Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Путин Тоқаевпен қандай одақ туралы сөйлескенін түсіндірді.
«Мемлекет басшысының Мәскеуге жасаған сапарына қатысты бұқаралық ақпарат құралдарынан сұрақтар келіп түсіп жатыр», — деп жазды Желдібай Facebook парақшасында.
Айтуынша, осыған байланысты Кремльде өткен Қазақстан мен Ресей президенттерінің келіссөзі барысында Қазақстан мен Өзбекстан территориясы арқылы Ресей газын тасымалдау жұмыстарын үйлестіру мақсатында құрамына Ресей, Қазақстан, Өзбекстан кіретін «үштік газ одағын» құру мәселесі қарастырылған.
«Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин барлық тараптың мүдделерін ескере отырып, осы мәселенің ұтымды шешімін табу үшін үш ел сарапшыларының қатысуымен егжей-тегжейлі келіссөз жүргізу қажет деп санайды», — деді ол.
Айта кету керек, бұған дейін Тоқаев пен Путин екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың 30 жылдығына байланысты декларацияға қол қойған еді.
Онда елдер одақтастық қатынастарға зиян келтіретін шаралар жасамайды делінген. Сондай-ақ, көшбасшылар ядролық соғыс ешқашан басталмауы керек деп санайды. Құжаттың негізгі тармақтары:
- екі мемлекеттің стратегиялық әріптестігі мен одақтастық қатынастарына нұқсан келтіретін кез келген әрекеттерден бас тартылатын болады;
- экономикалық егемендік негізінде қатынастарды дамытатын болады;
- ядролық соғыста жеңімпаздар болуы мүмкін емес, ол ешқашан басталмауы керек;
- ҰҚШҰ әлеуетін бірлесіп арттыруды жақтайды;
- ТМД және ЕАЭО шеңберінде интеграцияны жалғастырады;
- Қарулы Күштер (ҚК) арасындағы ынтымақтастықты әр түрлі форматта жалғастыруға, ғарыш бойынша жұмысты үйлестіруді жалғастыруға ниетті;
- әлемдегі биотерроризмге қарсы күреске жәрдемдесу үшін күш салуда;
- энергия ресурстарының үшінші елдерге транзиті үшін жағдайлар жасалатын болады.