Ресей президенті Владимир Путин ТМД елдері басшыларына бір-бір алтын жүзіктен сыйлады. Бұл туралы «Коммерсантъ» хабарлады.
Владимир Путин ТМД елдерінің саммитіне қатысушыларға Достастық нышаны салынған сегіз жүзік кигізді. Путин тоғызыншы жүзікті өзіне қалдырды,
деп жазды басылым.
ТМД символы ойып салынған сақинада «С Новым годом 2023» деген жазу да бар. Онда сондай-ақ кішірек қаріппен жазылған «Россия» деген де жазба бар болып шықты. Мұнысы саммит өтіп жатқан елді білдірсе керек.
Путиннің сыйлықтарын Беларусь президенті Александр Лукашенко, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердымухамедов, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев және Армения премьер-министрі Никол Пашинян алды.
Беларусь президенті Александр Лукашенко жүзікті бірден қолына тағып алғаны айтылады.
Кейбір басылым Путиннің бұл сыйын Джон Толкиннің «Сақиналар әміршісі» трилогиясындағы артефактпен байланыстырды.
Биліктің тоғыз сақинасы – ағылшынның атақты жазушысы Джон Толкиннің «Сақиналар әміршісі» деген кітаптары сериясының орталық артефактісі. Кітапта Саурон деген кейіпкер жұртты өз жағына тартып, өзінің дегенін істету үшін осы сиқырлы сақинаның құдіретін пайдаланған. Ал оның қолынан сақина алған адам елеске айналып кететін болған (Назгул). Сол Саурон тоғыз сақинаны тоғыз корольдің қолына таққан. Содан кейін тоғызы да соңыра елес-әруаққа айналып кеткен.