Футболдан Ресейдің ұлттық құрамасы ресми ойындарсыз қалып, енді Орталық Азияның футбол қауымдастығы (CAFA) ұйымдастыратын тұңғыш чемпионатқа қатысатын болды.
Бұл турнир биыл 9 – 21 маусым аралығында өтеді.
CAFA чемпионатына осы қауымдастыққа мүше елдердің – Тәжікстан, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Ауғанстанның ұлттық құрама командалары қатысады.
Қауымдастық бұл чемпионатқа қатысуға ұсыныс жасап, «бір азиялық» ұлттық құрамаға шақырту жіберген деседі, бірақ оның нақты қай мемлекет екенін әзірге нақтылаған жоқ.
Айта кетсек, Ресей Украинаға қарсы соғыс бастаған соң FIFA мен UEFA Ресей ұлттық құрамасы мен ресейлік футбол клубтарының бәрін өздеріне қарайтын барлық жарыстардан шеттетіп тастаған.