Палестина мен Израиль соғысы. Желіде азаматтарымыздың екіге жарылып, бір-бірімен айтысып жатқанын көріп, әнеубір дәрігердің жөйттерді қабылдамаймыз дегенін көзіп шалып қалып, бір пост жазайын деп шештім.
Израиль жаман, араб жаман деген ойдан аулақпын, соғыстан тек қарапайым халық зардап шегеді, мейлі ол араб болсын, мейлі еврей болсын.
Бәрі неден басталды? Хамастың артында кім тұр?
Хамастың басшысы Ысмайыл Хания 2022 жылы күзде Мәскеуге барып бірнеше кездесу өткізеді. 2023 жылы көктемде Хезболла басшысымен, осы жылы жазда Ердоғанмен кездеседі. Соғыс басталардан бір ай бұрын Иран әскери басшыларымен Ливанда жолығады. Иран сыртқы істер министрі Таяу Шығыс елдерін аралап шығады. Нәтиже белгілі.
Әр ұлт өз басшысына лайықты деген сөз бар. Арабтар шынымен Палестина елін, мемлекетті, ұлтты, тәуелсіздікті ойласа, сонау 1947 жылы неге жол берді? 1973 жылы бүкіл араб елдері КСРО-ның қолдауымен бір миллион әскермен неге жеңілді? Палестина билігі өз халқын ойласа Фатх пен Хамас болып екіге бөлініп, бір елдің азаматтары неге бір-бірін қойша қырады? Себебі біреу — билік пен ақша! Халықты ойлап жатқан біреуі жоқ! Израиль азаматтары қалай өмір сүреді, палестиналықтар қалай өмір сүреді? Халқының 70% кедей Газада 600 миллионер (доллармен әрине) бар.
Енді Хамас басшысы Ысмайыл Хания жайында.
Бұл кісі билікке 2006 жылдары келеді. Сайлауалды үгіт кезінде “біз қымбат үйлерде тұрмаймыз. Біз ақша ұрламаймыз” деп уәде берген. Сол уақытта Газада 4 млн доллар жері мен үйі болған. Қазіргі байлығы 4-5 млрд доллар. Қалай тез байыды дейсіз бе?
- әлемдік қауымдастықтың Палестина халқына деп беретін жүздеген млн доллары
- Израильден қорғаныңдар деп ай сайын Қатар беретін 30 млн доллары
- Қорғанысқа және Палестина халқына деп жыл сайын беретін Иранның 100 млн доллары
- Израиль мен Египет арасында тауар контрабандасы мен кедендік алымдар.
Ысмайыл Ханияның 13 баласы бар. Өзінде, балаларының әрқайсысында бірнеше қымбат пәтер, коттедж, пентхаустар, электроника дүкендері, алтын әшекейлер сататын дүкендер желісі, цемент зауыты бар. Өзі және отбасы Түркия мен Қатарда тұрады. Жеке ұшақтары бар. Балаларының Түркияда арақ-шараппен, қыз-қырқынмен тойлап жүрген суреттері желіде толып тұр!
Бұларың исламда харам емес пе?! Бәрінен де ең қызығы- Ысмайыл Ханияның 3 әпкесі де Израиль азаматы! Жезделері Израиль әскерінде қызмет еткен. Туған қызы Тель-Авив ауруханасында емделеді және үнемі қаралып тұрады.
Қысқаша осы. Ал сіздер бір-бірлеріңізбен қырық пышақ боласыздар. Одан да сабақ алайық, діншілдіктің, жемқорлықтың зардабы қалай болатынын, билікке көзсіз табыну мен шешен сөздеріне ерудің неге апаратынын ойланыңыздар! Біздің де басымызға келуі оп-оңай,
деп жазыпты Жәнібек Көпжасар.