Ағайынды Жүгінісовтердің тұңғышы Рүстем Жүгінісовтың жұлдызы «X-Factor» байқауынан кейін жанды. «Сен маған керексің» әні елде хитке айналып, әншінің аты дүркіреп шықты. Біршама жанкүйер жинағаннан кейін Жүгінісов саханамен біржола қоштасты. Бұған оның дінге бет бұруы себеп болған. Қазірде әнші сақалын жіберіп, тек кең шалбарлар киеді, басынан тақиясын тастамайды. Репертуары да тек сүрелер, уағыздар мен діни әндерден тұрады.
Әншінің бұл имиджін сынаушылар да көп. Көпшілікке Жүгінісов сақалын тым қалың әрі ұзын етіп өсіріп алғаны ұнамайды. «Қазақтар сақалын 60-тан асқанда жіберген» дейді ұлттық салт-дәстүрді дәріптеушілер. Бүгін Рүстем Жүгінісов сақалын сынға алушыларға жауап берді.
Соңғы кездері менің сақалыма қатысты түрлі пікірлер келіп жатыр. «Неге сіз сақалыңызды қырып тастамайсыз? Сақалсыз-ақ намаз оқи беруге болмай ма? Осы қазіргі жігіттерге не болған? Түрлері шал сияқты болып кеткен» деген сияқты көптеген пікірлер келіп жатыр. Бірде «40 хадис» кітабының авторы, үлкен ғұлама имам ән-Науауиге бір кісі келіп: «Қандай кезде сақалды қырып тастауға болады?» деп сұрақ қойған екен. Сол кезде имам: «Бір кезде ғана сақалды қыруға болады. Қандай жағдайда десеңіз? Егер сіз әйел адам болып, бетіңізге сақал шығып кетсе, сол кезде ғана қыруға болады деген екен,
деп жауап берді Instagram парақшасында Рүстем Жүгінісов.
Соған қарағанда Рүстем Жүгінісов жақын арада имиджін өзгертпейтін ұқсайды.
Алайда, Жүгінісовтердің анасы хиджаб киетіндерді сынаған болатын. Оның айтуынша, көп қазақ қыздар хиджаб киюдегі мақсатын түсінбейді.
Хиджаб дегеніңіз қазір екінің бірі сатып жатқан, тиын тұратын нәрсе. Мүмкін сондықтан да шығар жақсы таралып кеткені. Бұл бизнес! Жақсы маркетолог жасаған енді кім болса да,
деген еді Айнұр Жүгінісова.