Ресей соты Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жұмысын тоқтату шешімін айыппұл төлеуге ауыстырды.
Краснодар өлкелік соты Новороссийск қаласының Приморск аудандық сотының шешіміне қатысты шағымды қарады деп хабарлайды Краснодар өлкесі соттарының біріккен баспасөз хатшысы.
Апелляциялық сатыдағы сот материалдарды қарап, аудандық соттың қаулысын өзгертті. Ол бойынша, КҚК-ға жаза ретінде 200 мың рубль (1,5 млн теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салды. Жарлық заңды күшіне енді.
Еске салайық, Новороссийск қаласының Приморск аудандық соты құбыр консорциумы қызметін 30 тәулікке тоқтатқан еді. Оның себебі экологиялық бұзушылықтар болды.