Ақсу қаласының 33 жастағы тұрғыны жаңа алаяқтық схемасының құрбаны болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әйел адам жігітпен интернетте танысқан.
Ол оған Ресей — Украина соғысында жүргенін және жақында Қазақстанға келетінін айтқан. Хат алмасу кезінде жылы сөздер айтып сендірген. Кейін «сүйіктісі» жеке заттары, құжаттары және 50 мың доллар көлеміндегі қолма-қол ақшасы бар пакетті қарсы алуды өтінген. Бірақ сәлемдемені шекарадан өткізу үшін мемлекеттік баж салығын және кедендік анықтаманы төлеу керек екенін айтқан.
Әйел бірден жақын маңдағы банктен 2 миллион теңге несие рәсімдеп, корреспонденцияда көрсетілген банк шотына жіберген. Ал ақшасын алып алған алаяқ қосымшадан шығып кеткен.
Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер осы қылмысқа қатысы бар адамды анықтауға бағытталған бірқатар іс-шараларды жүргізуде.