Ресей шенділері Украинаға қарсы соғысып жатқан әскерін ұстап тұру үшін түрлі айланы іске асырып жатыр.
Кремль президент сайлауына төрт ай қалғанда мобилизация жариялағысы келмейді. Биылғы сайлауда Путин тағы да бақ сынауы мүмкін.
Путин 15 ай бұрын мобилизация жариялап, соғысты тезірек аяқтау үшін ондаған мың адамды майданға жіберді. Бірақ қантөгіс әлі жалғасып жатыр, соғыс ұзаққа созылған сайын, әскерге көбірек адам қажет болады. Әскерге адам жетпесе, екінші мобилизация болады, деп хабарлайды Азаттық Радиосы.
Кремль мобилизацияның орнына адамдарды «сатып алуға» тырысып жатыр. Ресей билігі жолайрықта тұр: бір жағынан, оқ атуды тоқтатқысы, екінші жағынан, жаппай мобилизация жариялауға тура келетін ең нашар сценарийге дайын болғысы келеді.
Кремль тағы бір мобилизация бастағанша, еріктілерге көп ақша ұсынып, түрмелер мен мейрамханаларды аралап, тұтқындар мен мигранттарды соғысқа тартуды жөн көреді,
дейді Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорында Ресей әскерін зерттеумен айналысатын Дара Массикот.
Соғыста Ресей де, Украина да шығын көріп жатыр. Ұлыбританияның өкілетті тұлғаларының дерегінше, 2022 жылдың ақпанынан бастап Ресей тарапынан 302 мың адам қаза тауып, жараланған. Аты-жөні аталмаған америкалық шенеуніктер есебінше, биыл жазға дейін Украина 180 мың жауынгерінен айырылған.
Былтыр қыркүйекте Украина Ресей күткеннен де көп соққы бере бастағанда, Кремль шешуші қадамға барып, мобилизация жариялады да, резервте тұрған және өзге де 300 мың азаматты соғысқа шақырды.
Мобилизация процесі ретсіз өтті. Ресей қоғамы мұндайды күтпеді.
Соғысқа жауынгер жинаумен айналысатындар мен офицерлер әскерге шақыру процесін басқаруға арналған ескі жүйемен әуре болды.
18-27 жас аралығындағы азаматтардың бәрі бір жылға әскерге баруы керек. Жылына екі рет жүздеген мың адам әскери борышын өтеуге аттанады. Бірақ ондаған жылдан бері келе жатқан бұл жүйе тиімсіздігімен, жемқорлығымен танымал.
Қазіргі заңға сәйкес, әскерге шақырылған адамдарға Ресейден тыс жерде борышын өтеуге және соғысқа қатысуға тыйым салынған.
Сондықтан командирлер әскери дайындықтан өткен жауынгерлерді соғысқа тартудың басқа амалын тапқан. Олар әскери борышын өтеп, үйіне қайтқалы жатқан жігіттерге қысым жасап, ерікті қызметке тұрғаны жайлы келісімшартқа қол қойғызып алады.
Бұл үшін жауынгерлерді ақшамен қызықтырады. Мобилизацияға ілінгендер мен ерікті түрде соғысқа кеткендер кәсіби әскери қызметкерлермен бірдей жалақы алып, дәл сондай жеңілдіктерге ие болуы керек.
Олардың жалақысы – 195 000 рубль (2115 доллар). Бұл елдегі орташа жалақы мөлшерінен үш есе көп. Ресейдің кедей ауданында тұратын адамдарға мұндай жалақы – үлкен стимул.
Кремль соғыста қаза тапқан адамдардың туыстарына 140 мың доллар ұсынады. Орташа статистикалық ресейлік бұл соманы өмір бойы жұмыс істесе де, таба алмайды. Тағы бір есеп бойынша, жауынгердің туыстары берілетін төлемдер, субсидиялар мен жеңілдіктердің бәрін қосқанда, 170 000 доллар шығады.
Ресей үкіметі жауынгердің майданда қаза табуын отбасы үшін күтпеген тосынсыйға айналдырып жіберді,
дейді қазір Швецияда тұратын бұрынғы әскери тілші Александр Гольц.
Келісімшартқа қанша адамның ерікті түрде қол қойғаны белгісіз.
Осы айдың басында бұрынғы президент, қазір қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев қаңтардан бері майданға өз еркімен баруға 410 мың адам жазылғанын айтты. Сарапшылар пікірінше, бұл санға тұтқындар мен басқа елден келген еңбек мигранттары да кіреді.
Одан бөлек, еріктілер мен мобилизацияға ілінген жауынгерлердің келісімшартын күштеп ұзарту фактілері де тіркелген. Одан бөлек Путин жауыз қанішерлерді де түрмеден босатып, соғысқа жіберіп жатқаны бар. Бұл туралы ақпараттар түрлі ақпараттық сайттарда пайда болды.
Жаңа мобилизация жүргізу халықтың көбіне ұнамайтындықтан, Кремль наурыздағы сайлау қарсаңында бұл мәселені мүлде көтермеуге тырысады. Бірақ сайлаудан кейін тағы бір мобилизация болуы әбден мүмкін.
Мобилизацияның екінші толқыны басталады. Бұл президент сайлауынан кейін көктемнің соңында болады. Жиналған жауынгерлерді бірнеше апта жаттығудан өткізіп, майданға жібереді. Жер құрғап, көлік еркін жүретін кезде жазғы науқанға көшеді,
дейді Форстром.
Жыл басында қабылданған заң бойынша, әскерге шақыру туралы хабарламаларды елемей жүре берген адамға айыппұл салынады. Мұндай адамға шетелге шығуға, көлік жүргізуге, баспана алуға, шағын бизнес тіркеуге болмайды.