Ресейде оқып жүріп Украинадағы соғысқа аттанған студент, өз еркімен кеткенін мәлімдеп видео жариялады. 23 жастағы Марғұлан Бекенов Томск мемлекеттік университетінің студенті.
Бірақ бұл азаматтың жақын туыстары оны «Вагнер» жеке әскери ұйымы күштеп соғысқа жібергенін айтып, көмек сұраған.
Дегенмен Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров кеше, алдын ала берілген мәліметке сүйене отырып, студенттің өз еркімен «Вагнер» құрамында соғысуға келісім бергенін айтқан еді.
Мен «Вагнер» ЖӘК компаниясына өз еркіммен келдім. Жігіттерге соғысуға көмектесу үшін, арнайы әскери операцияға үлесімді қосайын деп. Мен өзімді керемет сезінемін, ұжым керемет, мен өзімді таптым. Маған мұнда ұнайды. Психикалық және эмоционалды күйім сау. Тағы да қайталаймын, мені ешкім ұрлап әкеткен жоқ,
дейді Бекенов видеода.
Айта кетейік, өзге ел аумағындағы қарулы қақтығысқа қатысқаны үшін Қазақстанда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Тіпті 5 жылдан 9 жылға дейін сотталуы мүмкін.