Өткен аптаның басты жаңалықтарының бірі — Ресейде жарияланған ішінара мобилизация. Бұл жаңалықтың салдары біздің елге де әсер етпей қоймады.
Мобилизация талаптарына сай келетін ресейліктер Қазақстанға ағыла бастады. Әлеуметтік желілерде шекаралардағы шақырымдық кезектер түсірілген видеолар пайда болды. Бұл қазақстандықтардың үрейін туғызды. Қоғам белсенділері биліктен шекараларды жабуды талап етті. Сондай-ақ, «елінің мүддесі үшін күрескісі келмейтіндер басқа елде де жанашыр болмасы анық» деген пікірлер айтылды.
Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың Қазақстанға келгісі келетін Ресей азаматтарын шектей алмаймыз деген пікірі де көпшіліктің ашуына тиді. Жұрт ресейліктердің қаптауымен болашақта ел егемендігіне қауіп төне ме деп қорқады. Бұған Донбасс пен Луганскідегі мысалдар келтірілді. Арасында қазақ әрдайым қонақжайлығымен ерекшеленген халық, бұл жолы да қиындыққа тап болған көршілерімізге қол ұшын созуымыз керек деген пікірлер де айтылды.
Ресейліктердің Қазақстанға жаппай келуімен Алматы, Астана қалаларында жалдамалы пәтерлер бағасы шарықтап кетті. Жалға берушілер бұрынғы пәтер жалдаушыларды шығарып, ресейліктерге жоғары бағамен беретіндерін айтқан. Бұл да жұрттың ашуын тудырып, қызу талқысына түсті. Көпшілік халықтың өзі халықты қанап жатқанын айтып наразылықтарын айтты. Адамдардың ашкөздігі алысқа апармайтынын, өмір алма-кезек деп парасаттылыққа шақырды.
Желіде сондай-ақ Украинадағы арнайы әскери операцияға ресейлік қазақтардың жоғары көңіл-күймен аттанып бара жатқан видеосы тарады. Жұрт қандастарының бұл әрекетін сынады. Алкогольге қызып алғандар не болып жатқанын түсінбейтін шығар деп топшылады. Басқалары «30 жылда отанына оралып, өз елінде бейбіт өмір сүруге бар жағдайы бар еді ғой» деп әттеген-айларын айтты.