22 мамырда Ресейдің Алтай өлкесінің аумағында құрғақ шөп өртеніп, «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты аумағына тарады.
Орман өрті елдімекенге шарпыған. Абай облысы Березовка ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшуге кірісіп кетті. Бүгінде 277 адам эвакуацияланды. Өрттің жалпы аумағы 1500 гектарды құрайды.
Орман өртін сөндіруге барлығы 100 техника (оның ішінде 1 өрт пойызы) және 2 тікұшақ, сондай-ақ 402 адам жұмылдырылды. Қосымша Астана қаласы, Павлодар және Қарағанды облыстарының Төтенше жағдайлар департаменттерінен 133 адам мен 26 техника жіберілген. «Қазависпас» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы (экипажы 4 адам) да атсалысуда. Бір тәулікте 2 тікұшақпен барлығы 59 157,5 тонна су төгілді.


Өрт орнына вице-министр Марат Күлдіков келіп жетті. Командалық-штабтық машина жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ дағдарыс орталықтарында ТЖМ мен Абай облысының ТЖД жедел штабтары жұмыс істеп тұр.
Елді мекендерге төнген қауіп жойылды. Өртті оқшаулау және жою бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда,
деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.
«Қазгидромет«деректері бойынша 24-26 мамырда Абай облысының Бородулиха ауданында екпіні 15-20 м/с дейін жел соғады.