Өте маңызды оқиға болып жатыр. Ресейде жарияланған мобилизациядан кейін көшелерге әйелдер шықты. Якутск, Дагестан, Ресейдің көптеген қалаларындағы радикалды ереуілдің кейіпі әйел екені анық байқалады.
Иә, Путиннің космонавт сияқты киініп алған қара жендеттеріне қарсы студент қыздардан бастап кемпірлер көтерілді. Елде орнаған сұмырай самодержавиенің шашын жұлып, қолына ұстатпақ олар.
Әйелдер жаппай көтерілген революция қашан да дегеніне жетеді. Ұлы француз революциясында қолындағы кастрюлдерін даңғырлатып Версальға беттеген әйелдер еді. Париж әйелдерінің адуынымен корольге кісен салынды. Чилиде де Сальвадор Альенде тұсында тура осылай Сантьягода кастрюль маршымен басталған революция төңкеріспен аяқталды,
дейді ресейлік тарихшы Дмитрий Чернышевский.
Оның сөзінше, бір кездегі ұлы орыс революциясының тұтануына да Петроградта азық-түлік үшін кезекке тұруға мәжбүр болған әйелдердің ашуы себеп болған. Кезекте тұрып, ішіндегі қара қазандай өкпесін бір-біріне айта-айта қаны қайнап кеткен әйелдер барып, еркек кіндіктілерін казармалардан суырып алып шықты. Полктарда бүлік басталып, арты ұлы революциямен тынды. Патшаны өлтірген де Софья Перовская деген әйел болатын.
Қысқасы, саяси ереуілге әйелдер шықты ма, болды дей бер. Режим ұзаққа бармайды. Анау Иранды алыңыз. Аятоллалар режимін шайқап, әне-міне құлатайын деп жатқан әйелдер. Путиннің режимі қалт-құлт етіп әлі қанша шыдайтынын білмеймін, бірақ әйелдердің көтерілгені режимнің ақыры таяғанын анық білдіреді,
дейді ол.