Шығыс Қазақстан облысы ТЖД баспасөз қызметі өрт сөндірушілердің жалақысын айтты. Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлады.
Ведомство мәліметі бойынша, еліміздің барлық аймағында өрт сөндірушілердің жалақысы бірдей.
Қазір табиғи апаттармен алдыңғы қатарда күресіп жүрген азаматтардың жалақысы 120 мың теңгеден (253 доллар) басталады. Бұл — Қазақстандағы өрт сөндірушілердің ең төменгі жалақысы.
Оларға қосымша төлем төленеді. Жалақының өсуі қызметкердің класына, лауазымына, еңбек өтіліне байланысты. Өрт сөндірушілердің ең көп жалақысы — 190 мың теңге (400$).
Бұған дейін Статистика бюросы елдегі орташа жалақы көлемі 312 011 теңге деп көрсеткен еді. Олай болса, өрт сөндірушілер орташа жалақы мөлшерінен 122 мың теңге аз алады.
Айта кетейік, былтыр ТЖ министрі Юрий Ильин 1 миллион теңгедей айлық алатынын мәлімдеген еді. Ал қол астындағы қызметкерлерінің жалақысы аз болуының себебі басшы мен қызметкерлердің «жұмыс істейтін сағаты мен жауапкершілік жүктемесіне» байланысты екенін айтқан.
Оның айтуынша, ведомство басшысы 24 сағат бойы жұмыс істейді. Ал өрт сөндірушілер жұмысқа күн сайын түспейді.