Қит етсе әнші-пәншіні шақырып, шаттық ұйымдастырғыш. Секеңдеген тұзы жеңілдер түгел соларға үйірсоқтау келеді, деп жазады журналист Ербол Мәндібек.
Баяғыда Қызылорда облысын басқарған Серікбай Нұрғисаев концертті көп өткізіпті. Асықпай, арасынан аңдып отырып, өзінің жүрек қалауын тапты. Бақытты ғұмыр кешіп жатыр.
Қырымбек Көшербаев жата жастанып кімді ұнатып тыңдағанын білмеймін. Бірақ, ол кісі де фонограмма өкілдерін өз жеріне жиі шақырғаны рас. Хош.
Қызылорда облысының су жаңа әкімі Нұрлыбек Нәлібаев не істеп жатыр? Сырттай бақыласаң, алдыңғы әкім ағаларының әртісқұмарлық жолын жалғап жатқан сияқты.
Нәлібаев әкім болғалы Ерке Есмахан бастап, Кәмшәт Жолдыбаева қостап, Сыр еліне келгіштеп кетті. Әкім ақшаны қайдан алып жатқанын Құдай білсін, дегенмен Қайрат Нұртас ышқынып, қалғандарын ысқырып шақыруда.
Сонымен, әртістерге ақшаны кім төлеп жатыр? Сырдың суы сирақтан келіп, қуаңшылық аңқаны кептіріп, қымбатшылық алқымнан алған уақытта мұның не керегі бар? Жалпы, жалғыз Қызылорда емес, барлық облыстың басшылары әртісқұмарлықтарын қойғаны дұрыс. Ерке Есмахан мен Кәмшат Жолдыбаева әкімнің алдында ән айтса, заман түзеледі деп кеңес беріп жүрген кімдер екен?
Сонымен, әртістердің құны қанша? Нақтылап айтқанда, өнер көрсеткені үшін алатын ақысын айтам. Кемінде бір әртіске 3 мың доллар кетеді. Жол шығыны, қонақ үйі, тамағы және гонорары. Бір концерт өткізуге 40-50 миллион минимум қарастырылады. Бұл ақшаны бюджеттен беруге болмайды. Өйткені, заң рұқсат бермейді.
Сөйтіп, демеушілердің көмегімен өтіп жатыр деген дежурный сылтау айтады. Сол демеушілер кімдер?
Қазір Қызылорданың электр желісіне жауапты жекеменшік компания жақсы дамып жатыр деген дерек бар. Демеушілік сол жақтан оқтын-оқтын болуы ықтимал. Дегенмен, қара судың өзі шақ келмейтін мына заманда жаны жомарт демеушілер қайдан табыла қойып жатыр? Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қарамағындағы әкімдердің не істеп не қойып жатқанын дұрыс тексермейтін сияқты. Әйтпесе, әкімнің міндеті халықтың жағдайын жақсарту. Әртістер онсыз да құтырып жүр,
дейді жазба авторы.