Теннисші Елена Рыбакинаның өткен демалыстағы Уимбилдон турниріндегі тарихи жеңісі қазақстандықтардың басты назарында болды.
Әлеуметтік желілер Рыбакинаның жеңісіне сүйінші сұрасқан жазбаларға толды. Алайда, олардың арасында спортшыны жергілікті спорт мектебі емес, ресейлік тениис мектебі тәрбиелегінін айтып, назданғандар да болды. Дегенмен, Рыбакинаның жеңісі үлкен тенниске деген қызығушылықты арттырып, отандық теннистің дамуына зор үлес қосады деген халықтың сенім мол. Сондай-ақ, жақында АҚШ-та өтетін жеңіл атлетикадан әлем чемпионатына Кениядан келген үш спортшы қатысатыны, және өз дисциплиналарында фаворит екені де еске салынды.
Алакөл жағалауында болған өртке байланысты көпшілік кәсіпкерлер үшін алаңдаушылық білдіріп, жазбалар арнады. Блогшылардың айтуынша, Алакөлдегі кәсіпкерлер пандемияға байланысты екі жылдық карантиндік шаралардан кейін биыл ғана ес жиып, табыс табуға бекінген. Олардың көбі осы жағажайлық үш айда ғана бала-шағасының нәпақасын тауып отыр. Алапат өрт Алакөлдегі көп жылдан бері қордаланған мәселелердің көтерілуіне түйткі болды:
- рекреациялық аумақта мемлекет, яғни облыс пен аудан әкімдіктері тарапынан нақты бақылаудың жоқтығы, осыған дейін демалыс аймағы Шығыс Қазақстан облысына қараса, қазір Абай облысының бақылауында.
- жергілікті шенеуніктер көлде техникалық бақылаумен емес, шені жоғары қонақтарды күтумен айналысатыны. Осы себепті шенеуніктер базалардың әлдебір кемшіліктеріне көз жұмып қарайды. Бұл ТЖ, өрт қауіпсіздігі, сәулет, құрылыс, жол, СЭС сияқты салаларға жауапты әр мекемеге тән.
- құрылыс кезінде ешқандай құрылыс талаптары сақталмайтыны. Бас жоспар жоққа тән. Базалардың барлығы дерлік фанерадан жасалған, өрт қауіпсіздігі мүлде сақталмаған, бір-біріне жабыстырып өте жабайы түрде салынғандығы.
- орталықтандырылған кәріз жүйесінің жоқтығы. Әжетхана, жуынды-шайынды сулары көлге қосылып жатыр. Миллиондаған туристке септиктер аздық етуде. Осыдан минералды судың құрамы бұзылу қаупі бар.
Облыс ауысқаннан кейін шенеуніктер енді осы мәселелерді тереңірек зерттеп, шешеді деген сенім бар.
Әлеуметтік желіде орамал таққан жас қалыңдық күйеуінен мәхрге бағасы бір миллионға жуық IPhone 13 телефон сұраған видеосы қызу талқыға түсті. Видеода жігіт молданың алдында әйеліне қымбат телефонды сыйлауға уәде бергені көрсетілген. Молда уәде қанша уақыттан кейін орындалатынын сұрағанда жігіт ұзақ уақыт үнсіз отырып қалады. Пікір білдірушілердің бірі, «Орамал таққан қыз неге болашақ күйеуінің жағдайын ойламайды, имандылығы қайда» деп сынаса, басқалары «Отбасы — бұл үлкен жауапкершілік, егер ақша табуға дайын болмаса үйленбеуі керек» деп, ойларын білдіріп жатты. Сондай-ақ, төрт әйел алған сайын миллиондап мәхр берсе, әйел алғыштардың саны күрт төмендейтін бе еді, деген болжамдар да айтылды.