Украиналық әскери медбике Виктория Обидина DW басылымына берген сұхбатында Мариупольдегі «Азовсталь» бункерінде отырғанда және бірнеше ай Донбасста тұтқында болған кезінде қандай қиындықтар көргенін айтып берді.
Ақпанда, Ресей Украинаға басып кірген кезде әскери медбике Виктория Обидина Мариупольде тұрған. Орыс әскерлері қаланы қоршап алған уақытта кішкентай қызы екеуі «Азовсталь» зауытының бункерінде жасырған. Алайда соңында әйел басып алған Донбасста тұтқынға алынған. 17 қазанда Обидина Украина мен Ресей арасындағы тұтқындарды бірінші «әйелдер алмасу» аясында босатылып, Украинаның бақылауындағы аумаққа қайтарылды.
«Қызым екеуімізді екіге айырғанда қатты қорықтым»
Қызым екеуіміз «Азовстальдағы» бункерде болдық. Қызыл крест бейбіт тұрғындар үшін «жасыл» дәліздер ұйымдастырғанда, олар мені де өздерімен бірге алып шықпақ болды. Бірақ, әскери адам болғандықтан мен фильтрациядан өтпей қалдым. Олар әскери екенімді бірден біліп қойды. Мені отыз күн қамауда ұстайтынын, қызымды балалар үйіне өткізуі мүмкін екенін айтты. Бірақ соңында, қуанышыма орай, анама қоңырау шалуға мүмкіндік берді. Анам қалай да болсын баланы Зопорожьеге қарай жіберуім керек екенін айтты. Фильтрация кезінде бір қызбен таныстым. Ол қызымды өзімен бірге алып кетуге келісті. Балам екеуімізді екіге айырғанда қатты қорықтым. Мұнда менімен қалса, оны жай ғана тартып алатынын түсіндім. Кейін оны қайдан іздейтінім де белгісіз болар еді. Әрине, олар бірден келісе қоймады, ұзақ жалындым. Кейін олар келісімге келіп, қызыма Зопорожьеге кетуге рұқсатын берді. Қызыма ағасына бара жатқанын, жақында қасына келетінімді айттым.
«Амалсыз тамақтың ішіндегі тарақанды теріп алып тастап, жейтінбіз»
Ең әуелі 9 мамырда мені Донецк ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасына апарды. 31 мамырға дейін сонда болдым. Кейін мені уақытша ұстау изоляторына ауыстырды. Ол жер өте қорқынышты. Таза ауа жоқ, тамақтың ішінде тарақандар. Бірақ қарын аш болған соң, амалсыз тарақандарды теріп алып тастап, берген асты жеуге тура келді. Суды краннан іштік, шай деген атымен жоқ. Өзіңізде шай болса, қайнаған су сұрауға болады. Сосын мені Еленовкаға ауыстырды. Ондағы жағдай бұдан да сорақы: екі адамға арналған камерада он бір адам жаттық. Кейін алты адамдыққа ауыстырды, онда жиырма төрт адам тұрдық. Бір керуетке екі адамннан, қалғандарымыз жерге тіз қатарынан жататынбыз. Жатқан кезде біреу оң бетінен сол бетіне бұрылса, майшабақ секілді бәріміз бұрылумыз керек болатын. Суды бізге тоғаннан әкелетін, одан лайдың дәмі татитын.
Сусабындар мүлдем болған жоқ. Олар бүкіл камераға екі бөтелке берді. Кір жуғыш ұнтақтарды да сұйылттық, шашымызды ұнтақпен де, ыдыс жуатын құралдармен де жудық. Еленовкада етеккір кезінде қолданатын төсеніштер жеткілікті болды. Ал Донецкіде ештеңе бермеді. Олар аптасына бір рет душ қабылдауға рұқсат беретін. Кейде тіпті ол да жоқ, яғни бір ай жуынбаған кезіміз болды. Оның бәрі олардың көңіл-күйіне байланысты еді. Олар бізге техникалық су әкелді, сондықтан біз техникалық сумен жуындық.
Еленовкада қыздарға деген көзқарас біршама басқаша. Онда жігіттер қатты қиналады. Еленовкада маған ешқандай физикалық қысым көрсетілмеді, тек сөзбен қорлау болды. Ал басқа жерде күш көрсету болды. Жігіттерді қинағанда, біз үнсіз олардың қиналған сәтін тыңдауымыз керек болды. Тергеу кезінде қыздарды да тоқпен қинады, Мені тек ұрды.
Біз қыздар, бәріміз бір-бірімізге қолдау көрсетуге тырыстық, құрбы болып кеттік. Соңына дейін үйге қайтатын күн туатынына сендік. Біз сол сәтті қатты күттік. Біз бір-бірімізбен сөйлесіп, қатты қиналған адамды жұбатып отырдық. Бір үлкен отбасыдай болып кеттік.
«Туған жерім Украинаға қайтып келемін«
Тұтқындарды алмастыру кезінде сене алмай тұрдық. Одан кейін екі күн өз-өзімізге келе алмадық, сене алмадық. Қазір бәрі өз қалпына келіп жатыр. Бірақ тұтқында болған кездегі кей әдет қалып қалыпты: қолдың арт жақта ұстау, тез-тез тамақ ішу…
Қазір емделіп жүрмын. Кейін қызымның, анамның, өгей әкемнің жанына барамын. Оларды қатты сағындым. Мен өзге елде ұзақ өмір сүре алмаймын, сол себепті туған жерім Украинаға кейін қайтып келемін деп ойлаймын.