Астанада өткен І республикалық уағызшылар форумында «Уағыз-насихат айтудың әдебі мен мәдениеті» тұғырнамасы қабылданды.
Елді адастырып, теріс жолға бағыттаған діни қызметкерлердің, уағызшылардың жолы кесіледі. Ал әлеуметтік желіде «домбыра – харам», «салт-дәстүрден алшақ жүрейік» деп кеуде соққандармен діни басқарма түсіндірме жүргізіп жатыр.
Аллаға шүкір, біздің елден, біздің топырақтан әлемге әйгілі үлкен дін ғалымдары шыққан. Осы ата-бабамыздың еңбегінің арқасында қазіргі дәстүрлі ислам мен ұлт құндылықтары сабақтасып кеткен. Сондықтан ата-баба жолынан жалғасып келе жатқан салт-дәстүрімізді сақтап қалу мақсат,
дейді Наурызбай қажы Тағанұлы.
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұровтың айтуынша, тұғырнамада халық арасында уағыз айтып, жамағатқа адал мен арамды түсіндіріп жүретін имамдарға қажетті ереже-қағидалар қамтылған.
Бұл құжаттың мақсаты – ҚМДБ-на қарасты мешіттерде уағыз-насихат жұмыстарының бірізділігін қамтамасыз ету, дін қызметкерлеріне дініміздің құндылықтарын дұрыс бағытта дәріптеу үшін бағыт-бағдар беру, уағыз-насихат айтудың методикасына назар аудару және діни уағыз-насихаттың моделін қалыптастыру,
деп атап өтті Батыржан Мансұров.