Сәтбаевта сауда орталығының маңында тапа-тал түсте ер адамды белгісіз біреулер атып кетті.
Полиция зардап шеккен 24 жастағы жігіттің ауруханаға жеткізілгенін хабарлады.
Күдіктіні анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізілді. Нәтижесінде полицейлер 18 және 20 жастағы екі азаматты ұстады. Оның бірі көлік басқаруында болса, екіншісі жәбірленушіге оқ атқан.
Алдын ала болжам бойынша Ulytau Mall сауда үйінің алдында жас жігіттер арасында сөзге келіспеушілік болып, соңы төбелеске ұласқан. Күдіктілердің бірі 24 жастағы азаматқа оқ атып, ол жерден автокөлікпен ізін жасырған.
Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасы жараланған жігіттің 1998 жылы туғанын, ол Жезқазған облыстық көпсалалы ауруханасының жедел жәрдем бөліміне жеткізілгенін айтты.
Атылған оқтан оң жамбасына және жыныс мүшелеріне зақым келген. Сонымен қатар арқа тұсы мен екі жауырын аралығына пышақ жарақаты салынған. Хирургтер көмек көрсетіп жатыр,
деді Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасының өкілі.
Қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.