Сақтандыру полисі көп салада қолданылады. Көлік, үй секілді жылжитыны, жылжымайтыны бар мүліктерді, тіпті, алған кредитіміз бен өзіміздің қара басымызды да сақтандырып жатамыз. Себебі өмірде тосын жағдайлар кездесуі мүмкін. Біз содан өзіміз бен мүлкімізді қорғаймыз. Сақтандыру полисі сол үшін қажет.
Күтпеген жағдай орын ала қалса, қаржылық тұрғыдан қорғайды. Бірақ, қолымызда қанша жерден сақтандыру полисі тұрса да тиісті өтемақыны сақтандыру компаниясынан өндіріп алу оңайға соға бермейді. Fingramota.kz порталы да бұл тұрғыда сақтанушыға арналған жадынама әзірлеген. Сақтанушының іс-қимыл алгоритмін құрған. Бұл туралы Қаржылық сауат телеграм арнасы шолу жасапты.
Қандай да бір мүлікті немесе банктен алған қарызды сақтандыру үшін екіжақты шарт жасалады. Оған қатысатындар – Сақтандырушы компания мен сақтанушы азамат. Сол құжат жүзіндегі шарт күтпеген тосын жағдайларда сақтанушыға белгілі бір мөлшерде төлем жүргізуді көздейді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде де бұл жайында арнайы анықтама берілген. Бұл ретте сақтандырылатын жағдай мен сақтандыру тәуекелін ажырата білу керек екен. Яғни, сақтандыру полисі – түрлі тәуекелдерден қорғау үшін ресімделеді. Ал өтемақының өзі сақтандыру жағдайы басталған кезде төленеді.
Сақтандыру жағдайы қай кезде басталады және оның талаптары қандай?
Белгілі бір оқиға сақтандыру полисі жұмыс істеуі үшін бірнеше өлшемшартқа сәйкес келуі керек. Оқиғаның өзі кездейсоқ әрі тосыннан болғанына мән беріледі. Мүлікке немесе сақтанушыға зиян келген болса, бүлінген дүниенің бәрі бір уақытта, бір оқиға кезінде болды ма – соған назар аударылады.
Мысалы, жол-көлік оқиғасы болды делік. Соның салдарынан автокөліктің бамперіне зақым келді. Ал, оның алдында айна сынған. Сақтандыру компаниясы сізге бампердің өтемақысын ғана төлейді, ал айна үшін ақы төлемейді. Себебі сақтандыру компаниясы өз ережесіне сай, болған жайды ақшалай бағалайды. Сол арқылы сақтандыру сомасын есептеп шығарады.
Біле жүріңіз, сақтандыру полисіне жүгінетін жағдай туындаса, сақтандыру компаниясына сол бойда хабар берген дұрыс. Бұл өте маңызды қадам. Компаниямен арада жасасқан шартта сақтанушының оқиға туралы хабар беру мерзімі де көрсетіледі. Сол аралықты жіберіп алсаңыз, өтемақыдан құр қалуыңыз мүмкін.
Сақтандыруға жатпайтын оқиғалар да бар. Оны да біліп жүрген маңызды. Себебі Қазақстан заңнамасының өзі ол жағдайларды сақтандыруға тыйым салады.
Мысалы, азамат құмар ойындардан ұтылуы мүмкін. Ондай тәуекелдерге сақтандыру компаниясы тартыла алмайды. Сосын, «жәбірленушінің» теріс пиғылынан қасқана немесе абайсызда пайда болған зиян болуы мүмкін. Азаматтық кодекстің 935-бабы сондай жағдайларда да сақтандырушыны өтемақы төлеуден босатады.
Сондықтан, сақтандыру шартын мұқият оқып шыққан дұрыс.