20 қараша күні сайлау өтті. Президенттікке үміткер алтауы да кімнің суырылып шығатынын білген болар. Халық білді де, сезді де. Соған қарамастан 460 484 азамат “бәріне қарсы” нұсқасын таңдаған. Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31% дауыс жинап жеңіске жетті. Қалғандары 5%-дық межеден аса алмады.
«Сайлау туралы» Конституциялық Заңның 54-бабына сәйкес президенттікке үміткер Орталық сайлау комиссиясының шотына заңнамада белгіленген ең төмен жалақының елу еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізеді. Егер сайлау қорытындысы бойынша кандидат Республика Президенті болып сайланса немесе дауыс беру қорытындысы бойынша кандидат дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының кемінде бес пайызын алса, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда, енгізілген жарна кандидатқа қайтарылады. Қалған жағдайлардың бәрінде енгізілген жарна қайтарылуға жатпайды және республикалық бюджет кірісіне алынады,
Әрбір кандидат Орталық сайлау комиссиясына елу еселенген ең төменгі жалақы мөлшері, яғни 3 млн теңгеден жарна енгізген болатын. Орталық сайлау комиссиясы жариялаған сайлаудың алдын ала қорытындысына сәйкес, Тоқаевтан өзге үміткерлердің ешбірі 5%-дық межеден аса алмады.
Яғни, олардың төлеген жарнасы – 15 млн теңге республикалық бюджетке түседі.