Ескерте кетейін, біз жалпы исламға қарсы емеспіз. Біз дәстүрлі дінге бүйі тиегендей болған салафизм, уахабизм идеясына қарсымыз. Қазақ халқының ежелден өмір сүру және тұрмыс-салт дәстүріне жат салафизм дәстүрі мен жат идеологиялық ағымға қарсы үкімет тарапынан жасалған концепциялық бағдарламалар бар ма?
Мәжіліс отырысында депутат Ермұрат Бәпи жат ағымдарға қатысты бастаманы тағы да көтерді. Өз сауалын премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Елдегі теріс исламдық салафиттік ағым ұлттық және мемлекеттік мүддемізге қатер төндіріп жатқаны жөнінде өткен аптада Мәжілісте депутаттық сауалдар жолданғанын білетін шығарсыздар. Бірақ бұл сауалдар еріккеннің ермегі емес, Қазақстан қоғамын, оның рухани ортасын барған сайын дендеп бара жатқан салафизм, арабизм дертінің алдын алудан туған жандармен азаматтық алаңдаушылықтың мүддесі еді.
Біз мемлекеттің ұлттық тұстастығы мен халқымыздың дәстүрлі діни болашағын қатерге байлап бере алмаймыз. Біз ұлттық қадір-қасиетімізді сақтаймыз десек, елдің ішіне іріткі салған жат діни ағымды ақыл-санадан да, ауыл-қаладан да қуып шығуға міндеттіміз.
Екіншіден, біздің қоғамда діни сауаттылықтың төмендігін, үшіншіден, мемлекеттік органдардағы реттеу жұмыстары мен ұйымдастыру жұмысында әлі де шалалықтар бар. Кеше мектеп басталар алдында хиджаб мәселесі бойынша мемлекеттік органдардың толық жауап бермеуі қоғамда үлкен пікірталасқа апарды.
Дін деген — өте нәзік нәрсе. Көп нәрсені заңды түрде реттеуіміз керек. Шетелдік тәжірибелердің бәрін қарадық. Сауд Арабиясының өзінде мемлекеттік реттеу функциялары күшейтіліп жатыр. Сондықтан ұсыныстарыңызбен бірге заңға өзгеріс енгізу керек.
Ондағы екі мәселені қарауымыз керек: мемлекеттік зайырлылық қағидаттарын нығайту және діни бірлестіктерді мемлекеттік реттеу тетіктерін күшейтуде өзгеріс енгізсек, бүгінгі жұмысымызды сонда дұрыстауға болады деп ойлаймын,
деді Тамара Дүйсенова.