Тиісті құзырлы органдарға үлкен іс табылуы мүмкін.
«Самұрық-Қазына» қорының микроқаржы ұйымдарын қаржыландырып келгені қаншалықты рас?
Мұндай сыбыс баспасөзде жарияланды.
Атап айтқанда, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында сатылған әр билеттен үлес алатын жеке серіктестік жайлы ақпарат тарады.
Онда «Инстант Пейментс» ЖШС-і 9 жыл ішінде ұлттық компаниядан 5 млрд, 700 млн теңге табыс тапқаны жазылған.
Ол компанияның қазіргі қожайыны кезінде «Оператор РОП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қызмет еткен Дияс Мадиғожин есімді азамат екені белгілі болды.
Сондай-ақ ол Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген «Глобал криптомайнинг Лимитед» пен «Лизинг групп» АҚ акциясының қожайыны көрінеді. «Лизинг групп» компаниясы көлік, құрылыс, машина жасау мен ауыл шаруашылығы саласында лизингтік операциялармен айналысады.
Компания шілде айының өзінде 550 млн теңге табысқа кенелген. Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін «Самұрық-Қазына» қорына ресми сауал жолданды, әзірге жауап келген жоқ, деп хабарлады «Еуразия бірінші арнасы».