Мынау әділетсіз жемқорлар жүйесі, Айдос Сарымдар туралы неге хит әндер жазылмайды?
Жалпы, қазақтың әндерін алып қараңыз, олар қандай?
Не туралы?
«Ауылым, ауылда туған бауырым, ауылға қарай сағынып кетіп бара жатырмын» дейді. Сосын туыстар туралы. «Анам, әкем- шешем, қарындасым, ағам мен жеңгем, балдызым» деп. Бірақ бұлардың бәрі өнердің объектісі бола алмайтын құбылыстар. Өнерде олай болмауы керек, деген екен қазақтың тәуелсіз зерттеушісі, ғалым Қанағат Жүкеш.
Оның сөзінше, өнер – өзінің қоғамдық міндетін атқаруы керек, бүкіл халықты тәрбиелейтін, дүниетанымын жетілдіретін, қоғамды алға қарай бастыратын болуы керек еді. Әдебиет пен өнер өркениеттің жоғары деңгейінде болса, басқалар да қазақ тілін үйренгісі келіп, үйреніп алар еді.
АҚШ-та ауыл шаруашылығымен халықтың 3% ғана айналысады. Бірақ 1 млрд адамға жететін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіреді. Өйткені бәрі әбден механизацияланған. Қазір Батыс елдерінде қала халқы 95%-ға дейін кетті. Бірақ олар да кезінде ауылдан шыққан. Олар да сол этаптардан өтті. Оларда индустриалдық қоғам 17 ғасырда ғана басталды. Ауылдан шықпаған халық мына қоғамға ілесе алмайды. Ал ауыл туралы ән шығаратын кісілер бізге қой қорада, қоржын тамдағы тіршілігімізді жасай беруіміз керек, соны ұмытпауымыз керек, одан шықпауымыз керек дейді.
Ал тарихи және философиялық категориялар бойынша, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, қыстау-жайлау деген ол ортағасырлық феодалдық формация. Егер ортағасырлық феодалдық формациядан шықпасаң, онда сен жоғары деңгейдегі постиндустриалдық қоғамдарға жем болып, зарлап жүргеннен басқа ештеңе бітірмейсің.
Демек, дамығың келе ме, қазақтың қазақ болғанын, мемлекеттің мемлекет болғанын көргің келе ме, онда сен дамыған ең алдыңғы қатарлы елдердің әрекетін жасауың керек.
Ал ауылдан шықпаймыз дегеніміз барып тұрған түнек.
Қазақ әлі ауылда болғандықтан оянбады. Санасында ауыл, басында бесбармақ пен бауырсақ, ары кетсе айран. Осының маңайында ғана жүрміз.
Ауылды тастап кет демейміз. Тастама! Ауылды индустриалдық қоғамның мүмкіндіктерімен жетілдіріп отыру керек. Ауыл халқы индустрияға тартылғанда қазақтің тілі де индустрияға еніп, меңгеріле бастайды, дейді пікір иесі.