Домбыраны ұшақ бортына кіргізуден бас тартқан әуе қызметкерлерінің әрекеті қазақстандықтарды тағы да ашуландырды. Атап айтқанда, SCAT авиакомпаниясының қызметкерлері жолаушыларды домбырасымен бортқа кіргізбей қойған. Видео әлеуметтік желілерде таралып, жұрттың талқысына түсті. Әуе тасымалдаушысы жолаушыларға музыкалық аспап үшін қосымша билет сатып алуды ұсынған болып шықты.
Авиакомпания кейін жағдайды түсіндіріп, мәлімдеме жасады. Олардың айтуынша, қол жүгі ретінде музыкалық аспапты тасымалдау мүмкін емес. Өйткені рұқсат етілген габариттер – 55х40х20-дан асып кеткен.
Тасымалдаудың ерекше жағдайларын талап ететін багажды ӘК жолаушылар креслосында тасымалдауға болады. Мұндай багаждың салмағы 80 кг-нан аспайды, габариттері 30х40х90см мөлшерінен аспауы тиіс. (ұзындығы+ені+биіктігі). Жолаушы әуежайға қызмет көрсету алымдарын қоспағанда, ересек жолаушыны тасымалдау кезінде қолданылатын багажсыз тариф бойынша қосымша отыратын орынға билетті төлеуі тиіс. Оның құны қолда бар багажсыз тарифтің 100%-ын құрайды,
деп жауап берді SCAT.
Ал Желі қолданушылары музыкалық аспапты багаж бөліміне жіберуден қорқып отыр. Өйткені ол зақымдалуы мүмкін. Бірақ домбыра билеті үшін 100 мың теңге немесе одан да көп төлеуге дайын емес екенін айтады.
“Бір домбыра үшін 100 мың теңге бөлек орын сатып алу керек деп айтқылары келе ме? Сандырақ қой бұл. Не сұмдық?”, – деп жазды олар.
Бұған дейін мәжілісмен Ринат Зайытов авиакомпаниялардан қазақтың ұлттық аспаптарын ұшақ бортында тасымалдауға рұқсат беруді талап еткен болатын.
Бұл жағдай бірінші рет болып отырған жоқ. Бұған дейін жас айтыскер ақын Айшолпан Тілеутай Fly Arystan бортсеріктері ұлттық аспапты ұшаққа кіргізбей қойғанын айтқан болатын. Ақын бортсеріктердің талабына көнбей, сонда да домбырамен ұшаққа отырған.
Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде үлкен пікірталас тудырды. Оқиға туралы әуе компаниясы түсініктеме берді. Ережеге сәйкес, музыкалық аспапқа бөлек орын сатып алынатынын, алайда ақын тарапынан ол талаптың орындалмағанын мәлімдеді.