Қазақ қыздарының есімі валюта атауымен байланысты болғаны ма? Соған жауап іздеп көрейік.
Baq.kz ақпарат порталы қызық материал жариялапты. Әсіресе, Динаралар мен Ділдәлар оқыса болады.
«Динара». Қазақстанда ең жиі кездесетін есім. Арабша динар валюта атауынан келген. Түп мағынасы – «алтын ақша, қымбат алтын тиын». Динар араб елдерінің көбінде ресми валюта атауы ретінде қолданылады. Шығыс Европадағы елдерді қосқанда 20 мемлекеттің ресми ақшасы динар болған. Қазір 10 ел динарды ресми валюта деп таниды.
«Ділдә». Динара секілді танымал болмаса да, өте сирек кездеседі деп айта алмайсыз. Абайдың бәйбішесінің аты Ділдә болғанын білесіздер. Ділдә бұрын иран тілінде ресми валюта болған. Қазақ қызының Ділдә есімі осы иран тіліндегі «алтын ақша, алтын» мағынасынан шыққан. Қыз есімінен бөлек Ділдәбек, Ділдәбай, Қабділдә, Ділдәхан, Әбділдә тәрізді кісі есімдері де кездеседі.
«Манат». Бұл есімге иелік еткен қазақ қыздары да аз емес. Латынша moneta сөзінен шыққан болуы мүмкін. Ол кезде мағынасы «алтын тиын» болады. Қазір Әзербайжан мен Түркіменстанның ресми валютасы «манат» аталатынын жақсы білесіздер. Екі елде де манат құны да арзан валютаға жатпайды.
Қорыта келгенде, қазақ халқы өз қыздарына ең қымбат металл мен ең бағалы материалдардың атымен байланысты есім берген. Мысалы Алтын, Күміс, Гауһар, Зарина, Зере, Інжу, Маржан, Меруерт сияқты есімдер бағалы да асыл тастармен байланысты. Жібек, Мақпал, Торғын, Шұға, Құндыз, Кәмшат – қымбат мата, тері атауларымен байланысты есімдер.
Қазіргі үрдіс басқа. Бізге қазір ұл балаға да, қыз балаға да арабша есім берген ұнайды. Оларды тізбелемесек те жақсы білеміз. Ол жақсы үрдіс пе, жоқ па, әркім өзінше бағалар. Бірақ, біздің бүгінгі болмысымызды сипаттайтын болсақ, түріміз – қазақ, тіліміз — орыс, есім-сойымыз – араб болып келе жатқандай.
Сіздің есіміңіз кім?