Шымкентте есірткі саудасымен айналысқан отбасы ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Полиция Telegram арнасы арқылы есірткі таратып келген интернет-дүкен анықтады. Оған қатысы бар деген үш күдікті ұсталды. Олар бір отбасы мүшелері болып шықты: 41 бен 35 жастағы ерлі-зайыптылар және әйелдің бірінші некеден туған 21 жастағы ұлы.
Тергеу барысында электрондық төлем жүйесі арқылы есірткіге тапсырыс қабылдап, оны жасырын орындарға қалдыру әдісімен таратқаны белгілі болды. Олардан есірткі қылмыстарын таратуға қатысты техникалық құралдар, электрондық таразылар, банк карточкалары, телефондар, есірткі заттарын бөлшектеуге және орауға арналған түрлі материал, тіркелмеген қару мен оқ-дәрілер, 68 дана дайын есірткі заттары тәркіленген. Сонымен қатар есірткі жасырылған орындардан қосымша тағы екі есірткі заттары алынған. Сараптама қорытындысына сәйкес, аталған заттар есірткінің синтетикалық түріне жататыны расталып, жалпы салмағы 37 грамды құрады.
Бүгінде аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Қазіргі кезде күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Кінәсі дәлелденген жағдайда, олардың мүлкi тәркiленiп, 15 жылдан 20 жылға дейiнгi мерзiмге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.