Шымкенттегі №69 орта мектепте жанжал шықты. Мектепке джинсы шалбармен келген оқушының қолына мұғалім қаламсап тығып алған, деп хабарлайды Отырар.
Ақпарат бойынша, ұстаз 10 жастағы оқушының қолына қалам тығып алған, ал баланың қолында көгерген із қалыпты. Сынып жетекшісінің мұндай дөрекі әрекетіне баланың сабаққа көк түсті джинсы шалбармен келуі себеп болған. Алайда мектеп меңгерушісінің өзі ауа райының салқындауына байланысты балаларды жылы киіндіруді, бірақ шалбар немесе джинсы мектеп формасымен бірдей түсте болуын ескерткен.
Зардап шеккен оқушының ата-анасы баланың физикалық ғана емес, психологиялық жарақат алғанын айтты. Оқиға бүкіл сыныптың көзінше болған. Жолбарыс реніш пен қолының ауырғанынан мұғалімге жауап беруден қорқып, партаға жатып қалған.
Енді біз балаларды мектепке жіберуге қорқамыз. Бұл не сұмдық? Бұл мұғалім бізге жақында келді. Ол сынып жетекшісі болды. Байғұс бала қолы қатты ауырғанын, партаға жатып, бетін қолымен жауып, ауырғаны басылғанша үнсіз шыдағанын айтты. Тіпті мұғалімнің көзінше жылауға да қорыққан,
дейді оқушының анасы.
Бала үйге келгенде оқиға туралы тіс жармаған. Алайда анасы жеңінен қан дағын байқап қалыпты. Содан кейін қаламның ізін көріпті. Кейін ғана баласы болған оқиғаның қалай болғанын анасына айтып берген.
Оқиға 30 қарашада болған. Белгілі болғандай, №69 мектеп директоры денсаулығына байланысты демалыста. Шымкент қаласының білім басқармасындағылар бұл оқиға туралы хабардар. Жәбірленушінің анасымен және меңгерушімен келіссөз жүргізіліп, жағдай бақылауда тұр. Әзірге ведомстводағылар ресми түсініктеме беруден бас тартты.