Мәселен, қала әкімдігі қайраткер Әлихан Бөкейханның тұлғасына, ел тарихына құрмет ретінде Әлихан Бөкейхан бейнесін Өскемендегі көп қабатты үйлердің біріне көркем мурал түрінде салу бастамасын жүзеге асырды. Муралда «Ұлтына, жұртына қызмет ету білімнен емес, мінезден!» деген Әлихан Бөкейханның өз сөзі қоса басылып, жазылған. Бұл мурал – Өскемен халқы үшін ерекше феномен болды, себебі ұлт көсеміне арналған қаладағы ең алғашқы композиция.
Одан бөлек, «Бәрі жақсы болады» деп әткеншек теуіп отырған үкілі бөрікті қазақ қызы да қазір жаңа ауданның ажарын айшықтап, үйлердің бірін әсемдеп тұр. Оның да астары жоқ емес. Жаңа мурал Балалар ауруханасына қарайды. Ауырып жатқан бүлдіршіндерге демеу болып, әлдебір күш беретіндей.
Айтып өтейік, соңғы апталарда Өскемен қаласында 5 бірдей мурал бірінен соң бірі пайда болды. Жаңа өнер нысандары өте қысқа мерзімде жасалған. Tigrohaud crew шығармашылық тобының суретшілері Ержан Танаев пен Али Закирге 10 күн ғана қажет болды. Шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан екі суретші күн сайын муралмен жұмыс істеді.
Нәтижесінде «Бала хоккейші», «Жалау ұстаған ұл», «Өскемен», «Бәрі жақсы болады» тақырыптарындағы және Ұлт көсемі – Әлихан Бөкейхан кескінділген мұрал көпқабатты үйдің қаптал қабырғасына тұтас салынды.
Ал суретшілердің айтуынша, муралға әдейі көлеңке көп түсетін қабырғалар таңдалды және суреттің бетіне лак жағылады, сондықтан ұзақ уақыт өңі кетпеуге тиіс деп жоспарланып отыр.