Тұрғындар соңғы жылдары іліп аларлық шаруалар атқарылмағанын, сырт көзге бәрі әсем болып көрінгенімен, аталмыш үйлердің түйткілі көп екенін жеткізді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өскеменде орталық көшелердегі тулармен сәнделген бірнеше үйдің жағдайы мәз емес. Қабырғаларының бояуы үгітіліп, подъезд есіктері дұрыс жабылмайды. Шенеуніктер бір жылдары ағаш терезені пластикке ауыстырып береміз деген екен, сол күйі хабарсыз кетіпті. «КСК-дан қайыр жоқ» дейді тұрғындар.
Соңғы жылдары не істелді деген сұраққа жауап іздесек, балалар ойын алаңы ғана орнатылды. Қалғаны талай жылдан бері өзгеріссіз. Әкімдік өкілдері келсе, айтарымыз бар. Балкондарда байрағымыз ілініп тұрса әдемі ғой, бірақ үйдің қарама-қарсы жағын да солай әсемдесе қатып кетер еді,
деді тұрғын Айгүл Серікбаева.
Тұрғындардың айтуларынша, көпқабатты үйдің төбесінде ілулі тұрған алып жарнама баннері де жел қатты соққан кезде өткен-кеткендерді басып қалуы мүмкін. Ал көк байрақтың бірінен соң бірі іліне бастағанына 15 жылдан асқан. Жыртылып, тозығы жеткендерді әкімдіктегілер келіп ауыстырып отыратын көрінеді.
Бұл ғана емес, дәл осындай көрініс Сағадат Нұрмағамбетов көшесі, 55 мекенжайында да қайталанады. Әуезов көшесіне қарама-қарсы бетте. Бұл көпқабатты үйдің ішкі ауласы да тозып тұр.
Қала әкімдігіндегілер бұған дейін балкондардағы тудың элементтері бейнеленген баннерлерді күтіп ұстау бақылауда тұрғанын айтқан болатын.