Қонаев гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінен қашып кеткен депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат ұсталды.
Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің Telegramдағы ресми парақшасында хабарланды.
2023 жылғы 3 шілдеде ішкі істер органдарының қызметкерлері және әскери полицияның әскери қызметшілерімен ұйымдастырылған бірлескен жедел-іздестіру іс-шаралары барысында әскери бөлімді өз еркімен тастап кеткен мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер Б. орналасқан жері анықталды. Әскери қызметші қызмет атқаратын орнына жеткізілді. Аталған факт бойынша қызметтік тексеріс жүргізілуде,
делінген ақпаратта.
Айта кетейік, Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат 2 шілдеде өзі қызмет атқаратын әскери бөлімнен қашып кеткен болатын.
2023 жылғы 2 шілдеде Қонаев гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде мерзімді қызметін өткеріп жатқан қатардағы жауынгер Б. қамауға алу мерзімі аяқталғаннан кейін (бұйрыққа бағынбау немесе оны өзгедей орындамағаны үшін гауптвахтада ұстау түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды) әскери қызметшінің сүйемелдеуімен әскери бөлімнің орналасқан жеріне қайтып бара жатқан кезінде белгісіз бағытта қашып кеткен,
деген еді Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.
Естеріңізде болса, Нұрасыл Болат ақпан айында адвокат Анна Дмитриевич пен оның күйеуі Олег Черновты соққыға жыққан еді. Осы әрекетінен кейін оны үстіне қылмыстық іс қозғалған болатын.
Кеше оның әскерден қашып кеткені белгілі болды.