Денис Тен сценариін жазған «Слепая любов» фильмінің премьерасы 19 шілдеде Алматыда өтеді. Бұл туралы Tengrinews.kz порталы жазды.
Картинаның премьерасына әйгілі мәнерлеп сырғанаушының жақындары мен достары шақырылған. Фильм 28 шілдеде прокатқа шығады. Алматы мен Нұр-Сұлтандағы Chaplin кинотеатрларынан көрсетіледі.

Картина ерекше адамдардың screen-life форматындағы аңғал, шынайы әрі шексіз махаббаты жайында. Оқиға желісі бойынша, онлайн хат алмасу махаббатқа ұласады. Хат жазысып отырған ғашықтардың бірі мылқау, екіншісі зағип болып шығады. Олар өзінің бұл ерекшелігін бір-біріне қалай жеткізерін білмейді.
Бұл оқиға туа сала дене шектеуі бар адамдардың мүмкіндігін теңестіретін виртуал кеңістік туралы. Бұл кеңістік географиялық және ментал шектеулерін өшіреді,
делінген фильмнің Instagram-аккаунтында.
Картинаның бас продюсерлері -Тимур Бекмамбетов пен Денистің анасы Оксана Тен. Режиссеры — Оңтүстік Корея режиссеры, Венеция фестивалінің жеңімпазы Чак Че. Атқарушы продюсері — қазақстандық Игорь Цой. Постпродакшенді SXSW фестивалінде үздік монтаж премиясын алған Роберт Кун басқарды. Монтаж бен постпродакшенның барлық кезеңі Қазақстанда өткен. Оны Алматыдағы қазақстандық компания еліміздің жас дизайнерлері мен аниматорларын тарта отырып жасады.

Продюсерлер Денис жазған сценариді өзгертпеген. Фильм 2019 жылы Голливудта, Лос-Анджелес қаласында түсірілді. Картинаны халықаралық команда түсірген, бірақ қазақстандық кәсіби мамандар белсенді қатысқан. Фильмде Денис жазған тректердің түпнұсқасы қолданылады. Басты рольдерді дыбыстауға блогерлер Біржан Әшім, Ахмад Хельми және Назим Миссанов шақырылған.

Еске салайық, 2018 жылы Денис Тен Screenlife Contest байқауының финалына жетті. Ол сценарий жазып, өтінім жібереді. Screenlife Contest байқауын Тимур Бекмамбетовтың BAZELEVS компаниясы ұйымдастырады. Байқаудың басты жүлдесі screenlife форматындағы қысқаметрлі фильмді түсіріп беріп, продюсерлік жасау болды.
Денис біздің BAZELEVS студиясы өткізген байқауда жеңді. Оның жұмысы қызық болып шығып, әңгімелесуге шақырдық. Маған оның жұмысы ғана емес, адам ретінде өзі де, оның ашықтығы, шынайылығы және өзінен шашып тұратын нұры таңғалдырды..,
деген еді Тимур Бекмамбетов.
Айта кетейік, 2022 жылғы 19 шілдеде Денис Теннің қайтыс болғанына тура 4 жыл толады.