Бір емес, бірден 30-ын…
«Автокөлік зауытына блогерлерді пресс-турға шақырғандары тап бір саунаға жезөкше шақырғандай болды», дейді кәсіпкер Қанат Серікжан.
Өтірік автоөндірушілерді жер-көкке сыйғызбай мақтайды сосын.
Бірақ құр суреттерге қарап-ақ автоөндірістің бастан-аяқ жалған өндіріс екені көрініп тұрады. Бюджеттен миллиардтар кетіп жатыр, халықтың көзін бақырайтып қойып ұрлық жасалуда.
«Локализацияны көбейтіп жатырмыз» деген сияқты ақылды терминдері де таза өтірік. Құрастыру деген өндіріс емес, локализация деген — ең құрығанда кейбір ұсақ бөлшектердің жергілікті нарықта өндірілгені.
Ашығын айтқанда, автокөлік зауытының жанында кнопка, әйнек, креслоның өзі мен креслоны қаптайтын мата, болт, кузовтың бөлшектері сияқты нәрселерді шығаратын ондаған, жүздеген кәсіпорын тұруы керек еді.
Бірақ оның ешқайсысы жоқ! Бәрі дайын күйі келеді. Осындай өтірік автозауыт инвестициялық келісімшарт бойынша салықтар мен кедендік баждардан босатылған. Ол аздай, қолдау шарасы ретінде мемлекет зауытқа утилизациялық алым сомасын қайтарады.
Жеңілдікпен берілетін несие мен көлікті алғаш тіркеу алымы сияқты лоббистік қаулыларды айтпай-ақ қояйын.
Қашан тоясыңдар? Елді тонауды қашан тоқтатасыңдар,
деген екен кәсіпкер.
Айта кетсек, күні кеше Нұрлан Смағұловтың «Астана Моторс» компаниясы мықты деген 30 блогерді жинап алып, Hyundai зауытына пресс-турға апарған. Әр блогерге 340 мың теңге шығындапты.
Бірақ өтіріктің құйрығы бір тұтам екенін іші сезген блогерлер де масқара болғысы келмей, өтірік зауыт жайында аса бір қатты жазып, мақтай қоймады бұл жолы.