Енді қоғамдық орында қақырып-түкіргендер айыппұл арқалуы мүмкін.
Әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан жаңалықтан жұрт бейхабар емес. Олар саналы түрде құптап отыр. Тіпті министрдің өзі түкіруге тыйым салу туралы ұсынысты қолдады. «Қалай ойлайсыз, көшеде түкіруге тыйым салу керек пе?, — деген журналистің сұрағына оң жауап берген еді.
Мен қолдаймын. Қоғамдық орындарда түкіруге тыйым салуды толығымен қолдаймын… Бұл мәдениет, бұл гигиенаға және тәрбиеге қайшы. Бәріміз бірге депутаттарға осындай бастама көтеруіміз керек
Бас дәрігердің бірден қолдауының себебі жоқ емес. Расымен, адамның сілекейінде микробтар мен бактериялардың 500-ден астам штамы өмір сүреді. Олар герпес, қызылша, құтыру, пневмония, тұмау, тіпті туберкулез бен гепатит сияқты ауруларды қоздыруы мүмкін.
Мысалы, қайсыбір елдер, қоғамдық орындарда түкіруге заңмен тыйым салып, айыппұл төлетеді не қоғамдық жұмысқа жегеді. Қытайда Бейжің олимпиадасы болардан бұрын қала басшылығы қоғамдық орындарда түкіруге тыйым салатын қатал заң шығарды. Құжынаған халқы бар мемлекет сол бір заңның көмегімен қоғамдық орындарда түкіруді тоқтатты. Сондай-ақ Сингапурда осындай лас әрекеті үшін 300 доллар айыппұл қарастырылған. Үндістанның кейбір штаттарында да шектеу енгізілген. Көрші қырғыздар үшін 2019 жылы тыйым салынған, тәртіп бұзса 31 мың теңге ақша төлейді.
Ал, бізде бұған қандай да бір шектеу жоқ. Бұл – жиіркенішті әдет. Біздің адамдар аяғы жеткен жердің бәріне түкіреді. Және бұл әдетінен еш ұялмайды. Бәрінің бірдей аузына қақпақ бола алмайсың, әрине. Дегенмен ақырындап «мәдениетті» ел болып келе жатырмыз-ау.
Нұр-Сұлтанда күні кеше мәслихат депутаттары қоғамдық орындарды ластап, яғни қақырып-түкіргені үшін жаза қолдануды ұсынды. Бірақ бұл тек көлік тізгініндегі азаматтарға қатысты. Оларды бейнебақылау камералалары арқылы анықтаймыз дейді.
Тәртіп бұзушыларды автомобиль нөмірлері бойынша анықтайды. Аталмыш шара бұзушылықтар санын азайтуға мүмкіндік береді,
деп түсіндірді әкімдікте.
Енді жүріп келе жатып жол үстінде көліктің есігін аша салып қақырып-түкірсең, қоғам белсенділері мұндай мәдениетсіздікті суретке түсіріп алып дәлелдеу арқылы заңмен шегелеп алмақ.
Еске сала кетейік, қоғамдық орындарда тәртіп бұзған адам ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңнамаға сәйкес он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді немесе он тәулікке дейін әкімшілікке қамауға алынады. Ал егер құқықбұзушылықты бір жылдың ішінде қайталаса, 15 тәулікке қамалады.