Өзін коуч, мотиватор, психолог деп таныстырып жүрген Құралай ханым Instagram парақшасында Меккеге барған суретін жариялап, Алла алдында кешірім сұрағанын жазды. Айтуынша, ол осы күнге дейін халыққа берген ілімі соңында басына таяқ болып тиген. Сөз соңында коуч халықтан кешірім сұрады.
«Аллама жеттім
Алла үйінің қонағы болуға лайық болдым.
Бұл жерге жетер жолым — ұзаааааақ болды.
Адасып жеттім.
Шатасып жеттім.
Аңсап жеттім.
Армандап жеттім.
Түркістанда түгел бап,
Сайрамдағы сансыз бапты аралап жеттім
Арыстан бапқа түнеп
Яссауиден тілеп жеттім,
Пір Бекеттен сұрап
Қорқыт атама жылап жеттім
Бес атамды түгендеп,
Бес қаруымды сайлап жеттім
Миллион оқырманымның алғысымен,
Бердияр қажының қарғысымен жеттім…
Ведылардың ілімін қазып жеттім,
Будданың сөзін ұғып жеттім,
Апельсинімді шашып жетттім
Чакрамды ашып жеттім.
Сюцайымды санап жеттім,
Фен-шуйымды қарап жеттім,
40 күн дұғамды оқып жеттім,
Тегімді танып жеттім
Шамильдің күнделігін жазып жеттім.
Брайндарға барып жеттім
Тони Робинспен жанып жеттім
Джон Кехоны тыңдап жеттім
Луиза Хейді жырлап жеттім
Осы білгенімді ел білсін деген НИЕТІМ аяғында басыма таяқ боларын білмей кеттім…
Адасып жүрген бейшара пакыр Құралайды кешір, Халқым! Менің ісімнен, сөзімнен зиян көрген окырманым болса, сіздерден кешірім сұраймын. Соттаймын десеңіздер де, атамын десеңіздер де міне басым!»
деді Құралай ханым.
Еске сала кетсек, осы уақытқа дейін Айгүл Елшібаева Instagram-да Құралай ханымның әрекеттерін жиі сынға алған еді. Ол психологты қара магияны үйреттің, соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды деп айыптады.