Ол 22 сәуірде уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын.
Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайбергенді қамауда ұстау мерзімі төрт айға дейін ұзартылды, деп хабарлайды, ҚазТАГ агенттігі.
«21 шілдеде Алматы қалалық тергеу сотының шешімімен күдіктіні қамауда ұстау мерзімін ұзартуға санкция беру туралы өтінішхат қанағаттандырылды. Яғни 4 айға дейін ұзартылды. Ұзартылған мерзімі – 21 тамыз,
деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Алматы қалалық прокуратурасында Алматы мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайбергенге қатысты істің мән-жайы жарияланған болатын.
Қаңтар оқиғасында Қайрат Құдайберген Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде 24 жолаушыны ұрлап кеткені үшін айыпталған «Дикий Арман» лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиевтің қасында жиі көзге түскен. Кейін ұрланғандардың бірі қайтыс болғаны анықталды. Қазір криминалды авторитет қамауда. Ал Қайрат Құдайберген жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды және оған қатысты деген күдікпен сәуірдің 22-сі күні уақытша ұстау изоляторына қамалды. 20 шілдеде Қайрат Құдайберген Алматы қалалық мәслихатындағы депутаттық мандатынан айырылып, «Аманат» партиясынан шығарылды.