ҚР Кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар ағымдағы жылдың қыркүйек айында күшіне енеді.
11 шілдеде Мемлекет басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы Заңға қол қойды. Заң осы жылдың 9 қыркүйегінде күшіне енеді. Атап айтқанда, көлік құралын мемлекеттік нөмірсіз қайта басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктің жаңа құрамы енгізілді. Онда 20 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде өндіріп алу немесе көлік құралдарын басқару құқығынан 1 жыл мерзімге айыру көзделген. Бұрын мұндай норма болмаған.
Мұнан бөлек, көрінеу жалған немесе жалған мемлекеттік нөмірлері бар көлік құралын басқару үшін жауапкершілік күшейтілді. Айыппұл түріндегі жаза алынып тасталды. Енді аталған құқық бұзушылық үшін тек 1 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру және 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қолданылады,
деді Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев.
Қазіргі уақытта ІІМ қала сыртындағы трассаларда орташа жылдамдықты асырғаны үшін жүргізушілерді жауапкершілікке тарту мүмкіндігін қарастыратын түзетулер пысықталып жатыр. Сондай-ақ, күнтізбелік жыл ішінде 5-астам әкімшілік құқық бұзушылығы бар азамат 50 пайыз жеңілдікпен айыппұлды төлеу мүмкіндігінен айырылады.