Құлаққа түрпідей тигенімен бұл сөздерді айтпайтын адам кемде-кем. Тіпті ең мәдениетті деген адамның аузынан абайсызда шығып кететіні жасырын емес.
Біз қарама-қайшылық көп елде өмір сүріп жатырмыз: бізге бір нәрсені істеме десе, керісінше, қызығушылықпен істегіміз келіп тұрады. Жұмыссыздық, несие, ақшаның жоқтығы, жетіспеушілігі, болашаққа деген сенімсіздік – бұның бәрі үлкен күйзелісті тудырады, сондықтан былапыт сөздер – ішіңдегіні шығару үшін таптырмас көмекші,
дейді Алматы қалалық перинаталды орталықтың психологы Гүлнар Дощанова.
Оның сөзінше, былапыт айту арқылы адамдар ішкі жан-дүниелеріндегі қиындықты шығарады.
Былапыт сөздер – өзіңде ұстап қалу мүмкін емес күшті сезімдерді айту. Ол агрессия актісі немесе іштегі арпалысты жеткізу тәсілі болуы мүмкін. Сондай-ақ адамдар қорғанышты қажет еткен кезде жиі боқтайды. Бұл мәдениетсіздік, көргенсіздік емес. Керісінше, өз-өзіңе деген сенімсіздік. Адам қаншалықты қорқақ болса, соншалықты көбірек боқтайды,
дейді маман.
Қазақ тарихында бұл сөздердің түп-төркіні ежелгі түрік сөздерінде жатыр. Ежелгі түрік сөздері әсер еткен халықтарда боқтықтың өзі бірдей естіліп жатады.
Қазақстандық мәдениеттанушы және қоғам қайреткері Мұрат Әуезовтың сөзінше, көркем, ырғақты, өте өткір және мақсатына дәл тиетін қазақтың былапыт сөздері ежелден бері келе жатқан дәстүр әрі дала көшпенділерінің өзіндік ерекшелігі.
Әуезовтың пікірінше, ортағасырлық қазақ батырлары боқтық сөздерді сөз тартыста қолданған. Айтыс кезінде де нормадан тыс лексика айтылатын болған. Жеңіске ұмтылған қарсыластар бір-бірін кекету мақсатында да бұл сөздерді айтқан екен.
Оғыздар мен қыпшақтардың көне тілінде де бұндай лексика кездескен. Кейін қазақ даласына өзге ұлттар қоныстана бастағанда орыстың боқтық сөзі де қосылды.
Әлемдік дәстүрлі діндер бойынша боқтық сөз – үлкен күнә. Қазақ даласына исламның келуі, Русь еліне христиандықтың келуі боқтық сөзді мәдениетсіздіктің көрінісі деп бағалады.
Кез келген қоғамда, кез келген уақытта және кез келген орында боқтық сөздің құпталмайтыны ешкімге жасырын емес. Осыған қарамастан, боқтап сөйлеу қоғамда кең таралған. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) «Кімде-кім Аллаға жəне Қиямет күніне иман келтірсе жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» деген,
дейді Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ PhD-ы, дінтану кафедрасының доценті Нұрлан Қайырбеков.
Ислам діні бойынша әр адам аузынан шыққан әр сөзге жауап береді. Ақырет күні ол сөз адамға не пайда, не зиян әкеледі: «Екі періште адамның екі иығында отырып, жазады (жақсылықты да, жамандықты да») (Кәһф 17 Сүресі).
Ислам адамдарды тек жақсылыққа шақырады. Алла елшісі былай дейді: «Дінге берік адам жамандық жасамайды, қарғамайды, әдепсіз ештеңе айтпайды және жаман сөз айтпайды» (Әт-Тирмизи). Ұрыс пен жаман сөз агрессияның, дөрекіліктің белгісі. Ислам адамды көркем мінезді болуға шақырады,
дейді Нұрлан Қайырбеков.
Ғалымдардың зерттеуінше, боқтық сөздің зияны шаш-етектен. Мысалы, боқтық сөз көп айтылатын өңірде ауыр қылмыстар көп болып жатады екен.
Боқтық сөз айтатындар белсіз боп қалады немесе урологиялық ауруларға ұшырайды деген де ұғым бар.
Биология ғылымдарының докторы И. И. Белявскийдің гипотезасы қызық. Жылдар бойы адамның сөзі мен миының арасындағы өзара байланысты зерттеген ол сөздің генге әсер ететінін байқаған. Жаман сөз ауру мен қарттықты шақырады, ал жақсы сөз жастық шақты ұзартып, денсаулықты жақсартады дейді ол.
Ғалымның пікіріне биология ғылымдарының докторы, медицина-техника ғылымдарының академигі П. П. Горяев те қосылады. Оның сөзінше, адамның аузынан шыққан соң судың құрылымын өзгертеді.
Адам орта есеппен 65% судан тұрады.
Алайда қазіргі заманның адамдары әртүрлі жаргонмен сөйлейді. Танымал блогерлер, атақты рэперлер, тіпті, саясаткерлер де кей кезде боқтықты өзіне назар аударту үшін қолданады. Мамандардың сөзінше, зияткерлік деңгейі төмен, білімсіз адамдар боқтықты күнделікті қолданады.
Былапыт сөз психологиялық немесе физикалық тұрғыда сау емес адамның белгісі. Алайда тәрбиесі нашар болса да, осылай сөйлейді, яғни адам қоршаған ортасы қандай болса, солай сөйлейді,
дейді Алматы қалалық перинаталды орталықтың психологы Гүлнар Дощанова.
Алайда былапыт сөзді құптайтындар да жоқ емес.
Қазіргі аумалы-төкпелі заманда былапыт қалыпты жағдайға айналып барады. Бұндай лексиканың қолданылуы халық арасында агрессияның көп екенін көрсетеді,
дейді психолог.
Автор: Мейіргүл Оңғарова