Ұлттық банк осы жылдың соңына қарай цифрлық теңгені енгізуге қатысты шешімін жария етеді.
Қолма-қол ақша дәуірі артта қалып бара жатыр. Бүгін тікелей аударым жасау қолжетімді. Өйткені бұл өте ыңғайлы, ешқандай комиссия да шектеулер де жоқ. Цифрлық теңге – валютаны дамытудың келесі кезеңі. Оны қадағалап отыруға болады. Мәселен, ЖК немесе ЖШС бар азаматтар әрдайым есеп-қисап толтырып, салықты төлеуге міндетті. Ол үшін құжаттар толтыру керек. Цифрлық теңге көмегімен мұның бәрін жасау жеңілдей түседі. Транзакция тарихы да қолжетімді болады. Бұған қоса, бұл жалған ақшадан қосымша қорғаныс құралы болмақ. Төлемдерді интернетсіз де жасау мүмкіндігін береді.
Ол ұлттық валюта мен криптовалюта арасындағы буданға айналмақ,
деді қаржы консультанты Әлібек Жалғасбаев
Оның атап өтуінше, цифрлық теңге әлі де әзірлену сатысында болғанымен, оның қолданылу аясы кең. Цифрлық ұлттық валюта енгізу еңбек нарығына еш әсер етпейді. Ол кәсіпорындардың, қадағалаушы, салық органдарының жұмысын жеңілдетеді және барынша ашық, жылдам бола түседі.
Айта кетерлігі, Қазақстан қаржы технологиясы бойынша ТМД елдері арасында бірінші орында тұр. Грузия немесе Түркияда әлі күнге дейін қолма-қол ақшамен төлем жасалады. Аударым жасай салу жоқ. Тіпті, кей жерлерінде карта да қабылдамайды.