Эстонияның мемлекеттік теміржол компаниясы Operail санкцияларға байланысты Ресей тауарларын тасымалдай алмайды. Енді Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстаннан жүк жеткізбек. Бұл туралы компания басшысы Рауль Тоомсалу ERR телеарнасына айтты.
Тоомсалудың айтуынша, Ресейге қарсы санкцияларға байланысты Эстония темір жолдарындағы жүк тасымалдау көлемі 60%-дан астамға төмендеді.
2021 жылы айына орта есеппен 1,2 млн тонна тасымалдадық. Осы жылдың бірінші жартысында, әсіресе маусым айында жүк тасымалының көрсеткіші төмендеп кетті. Бүгінде айына 500 мың тоннадан аз тасымалдаймыз,
деді Тоомсалу
Көптеген вагондар мен локомотивтер бос тұр. Компания тоқтап тұрған жылжымалы құрамды іске қосу үшін Орталық Азия елдері: Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстаннан жүк іздестіріп жатыр.
Орталық Азия елдерінің арасында Қазақстанның әлеуеті зор. Тауарды Балтық дәлізі мен Финляндия арқылы тасымалдауға болады.
деді, Оperail компаниясының басшысы
Дегенмен Ресей өзінің темір жолы арқылы Эстонияға бара жатқан вагондарды кез-келген сәтте тоқтатып тастай алады, деп қауіптенеді Тоомсалу.