1 тамызда «Алматы ұстазы» байқауына өтініш қабылдау басталды.
Байқаудың 5 жеңімпазы Финляндияға барып тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады.
Өтініштер almatyustazy.kz порталында қабылданады.
Біздің мақсатымыз – 36 жасқа дейінгі дарынды және шығармашыл жас мұғалімдерді іріктеу. Байқау қорытындысы бойынша 5 жеңімпазға Финляндияда тағылымдамадан өту сертификаттары беріледі,
деді қалалық білім басқармасының жетекшісі Ляззат Жылқыбаева.
Басқарма басшысы алматылық мұғалімдерді байқауға қатысуға емес, оқушыларға өз тәлімгерлерін белсенді қолдауға шақырды.
Финляндия білім деңгейі бойынша әлемде №1 орында.
Бес миллион халқы бар Финляндия Жапония мен Кореяны басып озды. Мұнда элиталық немесе «әлсіз» мектеп деген атау мүлде жоқ. Барлық оқу орындағы құрал- жабдықтар және қаржылдандыруы бойынша бірдей мүмкіндікке ие. Барлық мектептер мемлекеттікі. Білім беруден бөлек оқушылар үшін: түскі ас, экскурсия, мұражайға бару, мектеп автокөлігі, барлық кітаптар, оқу құралдары, қағаз- қалам, калькулятор, ноутбук-планшеттердің барлығы оқушыға тегін беріледі. Мектепте оқушының өміріне қажет дүниелер ғана оқытылады. Балалар кішкентайынан бастап портфолионың, келісім-шарттың, банк картасының не екенін біліп өседі. Мұраға қалған дүние мен болашақта табатын табысынан салықтық пайызын есептей біледі. Интернеттегі визитка-сайтты жасауды үйреніп, бірнеше рет арзандатылып қойылған тауардың соңғы құнын шығара алады. Ұстаздарды, мектеп қызметкерлерін тексеру, жұмыстарын қадағалау деген мүлде жоқ. Елде білім беру бағдарламасы бірыңғай жүйеге түскен. Қандай әдіспен оқытуды ұстаз өзі таңдайды. Финдердің пайымдауынша, мектепте бала ең басты нәрсені үйренуі керек: өзінің жарқын болашағын қалыптастыра алуды. Дербес ойлануға, өзіне, өміріне қажет білімді өз еңбегімен жиюға үйретеді. Еркіндігі мол оқу-ағарту жүйесін құра білгендіктен бұл ел бәсекелік қабілеті бойынша әлемді мойындатып отыр.