Экономист Расул Рысмамбетов Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры жұмысының қыр-сырына тоқталды. Сондай-ақ қорды құтқару жолдарымен бөлісті.
Бүгінгі күні еліміздің Ұлттық қорының резервтері азайып барады. Сарапшының пікірінше бәріне кінәлі Қазақстанның үкіміті.
Үкімет бос айналымдағы ақша көзінің бар екенін анықтап, оларды жұмсай бастады. Неліктен үкімет? Себебі жыл сайын Ұлттық қор мемлекеттік бюджетке кепілдендірілген трансферттер бөледі. Ол ешкім қадағаламайтын қаражат. Дегенмен, бұл қаражатты өзін-өзі жауып отыратын жобалар, ұлттық компаниялар және салық жинау арқылы кіріс көзіне айналдыру керек еді,
деп түсіндірді Расул Рысмамбетов.
Ұлттық қорды кім басқарады? Барлық басқару тетіктері ҚР Ұлттық банкінде. Егер жобаларға ақша бөлінбесе, қорда 200 млрд доллардан аса қаражат жиналар еді, ал трансферттерден бас тартсақ, 500 миллиард доллар шамасында. Қандай жобалар туралы айтып отырмыз? Сарапшы ең шығынды бірнеше жобаларға тоқталды.
ЭКСПО-2017 көрмесіне екі миллиардтан астам доллар қайтарымсыз жұмсалды. Сондай-ақ ҚР үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бар. Бағдарлама аясында қазақстандық автокөліктерді шығарушыларға, Түркістан, Алматы және Астана қалаларының құрылысына қыруар қаржы бөлінді.
деп қосты экономист.
Күні кеше Ұлттық банк басшысы баяндама жасап, қор активтері маусым айының соңында жарты жылда 3,4 миллиард долларға азайып, 51,9 миллиард долларды құрағанын айтты. Қор ережесіне сәйкес, егер оның көлемі өткен жылғы ЖІӨ-нің 30 пайызына дейін төмендесе, одан қаражат жұмсалмайды.
Мамин үкіметі 30 пайыздық шектеуді алып тастауға тырысты. Бір қызығы, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2021 жылы 190 миллиард долларды құраған. Яғни, Ұлттық қордың көлемі жалпы ішкі өнімнің 27 пайызынан сәл ғана артық,
деді Рысмамбетов.
Ол Ұлттық қор қаражатын басқару тұжырымдамасын өзгерту керек деп есептейді. Әзірге Ұлттық банкті асқару құзырынан шектесе де жеткілікті.
Ұлттық банкте инвестициялық корпорация бар. Оны бөліп алып, Ұлттық қорды, БЖЗҚ-ны, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорын, ӘМСҚ, тіпті РОП-ты басқаруына рұқсат беру керек. Бюджетті нарықтық бағамен қаржыландыруға болады. Сонда үкімет те қаражатты есепті жұмсауға тырысатын болады.
Бірақ тұжырымдаманы өзгертпес бұрын Ұлттық қордан қаржыландырылған барлық жобаларға аудит жүргізген жөн. Қордың құрылған күнінен бастап бүгінгі күнге дейін. 2019 жылға дейінгі ескі Қазақстаннан бастап, қазіргі жаңа Қазақстанды да қамтыған жөн,
деп қорытындылады Расул Рысмамбетов.