Жоғары оқу орындарына жеке оқу жоспарларының құрылымын дербес бекіту құқығы берілді.
Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына енгізіліп отырған өзгерістер жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарда академиялық еркіндіктің жаңа деңгейін қамтамасыз етеді, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасай отырып.
Енді жоғары оқу орындары түлектерге еңбек нарығында сұранысқа ие болуға қандай білім мен дағдылар көмектесетінін ескере отырып, жалпы білім беретін пәндер (ЖБП) циклінің барлық пәндерінің мазмұнын толық немесе ішінара өзгерте алады.
Бұл өзгерістер «жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» бұйрыққа енгізіліп, қолданысқа енді.
«Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына қойылатын талаптарды жұмсарту жоғары оқу орындарына кадрлардың кәсіби даярлығының деңгейін арттыруға, еңбек нарығындағы өзгерістерге және жұмыс берушілердің талап-тілектеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді»,
деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ жоғары оқу орындарына жеке оқу жоспарларының құрылымын дербес бекіту құқығы берілді. Магистранттар мен докторанттар оқу траекториясын өздері таңдайды.
Бұдан өзге, өмір бойы оқыту тұжырымдамасын іске асыру мақсатында бұйрықта микроквалификациямен оқу нәтижелерін мойындау көзделген, «нано-дәрежелер», «өсірілетін дәрежелер (Stackable degree)» ұғымдары енгізіледі. Бұл студенттерге кәсіби дағдыларын тезірек меңгеруге және дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар МЖМБС практик-мамандарды студенттердің дипломдық жұмыстары мен жобаларын басқаруға, сондай-ақ магистранттарды бейіндік бағыттар бойынша ғылыми басқаруға тартуға жол береді. Шетелдік тағылымдамадан өту үшін ұйымдарға қойылатын талаптар қайта қаралды. Енді магистранттар мен докторанттар жетекші ғылыми орталықтар мен институттарда ғылыми тағылымдамадан өтеді.
Бұдан өзге, базалық және бейіндік пәндер блоктарының кредиттерінің санын қатаң регламенттеу алынып тасталды. Егер бұрын базалық пәндер циклі кемінде 112 кредитті, бейінді пәндер циклі – 60 кредитті құраса, енді сол немесе өзге мамандық бойынша кәсіптік даярлық ерекшеліктерін ескере отырып, ЖОО-лардың өздері осы пропорцияларды белгілейтін болады.