Кірес дегеніміз не? Егер сіз қатаң діни ережелерді ұстанатын болсаңыз, онда бұл күнә мен өлімді жеңудің белгісі ғана емес, сонымен қатар иесін әртүрлі бәледен (ауру-сырқау, көз тию, дуа) қорғауға арналған тұмар. Сондықтан мәсіхші оны шешпей тағып жүруі керек.
Алайда, қазір діни атрибуттардың, бойтұмарлар мен әшекейлердің бір-бірінен айырмашылығы болмай барады. Соның нәтижесінде, мысалы кірестерді тек сенім символы ретінде ғана емес, сонымен қатар қарапайым аксессуар ретінде, мысалы, сырға, сақина немесе пирсинг түрінде тағып жүргендер көп.
Тіпті діннен алыс адамдар да соған ұқсас аксессуарларды тағып жүретін болған. Оларды қалай анықтауға болады? Негізінде бұл қиын емес. Ережеге сәйкес, кіресті киімнің ішінен тағады, және ол көзге көрінбей тұруы керек. Сондықтан, егер сіз қалың шынжырға ілінген үлкен кіресті көрсеңіз, онда оның иесі мақтан үшін, не қаржылық әл-ауқатынан хабар бергісі келеді деген болжам бар.
Қазақстанда христиандар көп пе? Статистикаға сәйкес, бұл екінші ірі діни конфессия. Яғни, әр уақытта еліміздің атын шығарған әйгілі тұлғалардың арасында кірес тағуы тиіс адамдар баршылық. Олар Геннадий Головкин, Александр Винокуров, Сергей Тихоненко, Евгений Набоков, Николай Антропов, Денис Тен, Мария Мудряк, Юрий Померанцев, Владимир Толоконников және Олег Янковский (иә-иә, таң қалмаңыз, ол Қарағанды облысының тумасы), Сергей Погосян және тағы басқалар.
Олар кірес таққан да (қазір тағып жүрген де) болар, алайда көпшіліктің көзінен тыс қалдыруды ұйғарады. Бұл табиғи нәрсе, сондықтан оны талқыға да ешкім салған емес.
Алайда, екі жыл бұрын кірес түріндегі әшекей таққан продюсер Баян Алагөзова қоғам арасында сөзге қалды. Көпшілік Алагөзованың бұл әрекетінен астар іздеп кеткені жасырын емес. Нәтижесінде, оған өз әрекетін түсіндіруге тура келді:
«Көптеген адам менен неге кірес тағасың деп сұрап, сынап жатыр! Бұл 200 жылдан асқан сақинаның дәл көшірмесі. Назар аударыңыз, онда кірес және барлық қазақ әшекейлерінде ТӘҢІРШІЛДІКТІҢ тең жақты кірестері бар. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да — маған ызаланып отырғандардың жанында мен әлдеқайда нағыз қазақпын. Бірақ бәрінен бұрын мені алаңдататыны сіздердің басқа дінге төзбеушіліктеріңіз, құрмет пен тәрбиенің жоқтығы. Сенімді жаман не жақсы деп бөлгенді қайдан шығардыңыз? Құдай бір, оған апаратын жолдар әртүрлі…»
деп жазды продюсер.
Солай…
Шоқынбағандарға кірес тағуға бола ма деген мәселеде — адам қалауына қарай өзі шешім жасауы керек. Қасиетті кітап бойынша кез келген адам еркін болып дүниеге келді және оның қалауына ешкім кедергі бола алмайды (тура Конституциядағы сияқты).
Алайда, мынаны есте сақтаған жөн, өз сеніміңе сәйкес емес белгі оны тағып жүрген адам үшін жай ғана әшекей болып қалады.