Заң бұзып, басы дауға қалған атышулы әнші Төреғали Төреәлінің адвокаты Тілеужан Кішкенебаев “Менің өмірім” бағдарламасында ел білмейтін деректі бөлісті.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Заң өкілі Төреғали Төреәлінің ісінің мән-жайы туралы ашық айтты.
“Төреғалидің ісі бойынша сот оны кінәлі деп тапты. Оған 20, 15, 3 тәулік деген секілді әкімшілік қамақ түрінде жазалар қолданылды. Төреғали ол жазаның бәрін өтеді. Бірақ Төреғалидің құқығы бұзылғаны рас. Ол әу бастан полиция қызметкерлеріне өзінің асығып бара жатқанын түсіндірген. Алайда олар түсінгісі келмей, Төреғалидің көліктен шығуын талап еткен. Сол кезде ол: “Жақсы, мен қорғаушымды шақырайын. Қорғаушым келсін, содан соң оның қатысуымен сұрақтарыңа жауап берейін” деген. Бірақ олар қорғаушыны шақыруға мұрша бермеген. Оны көліктен сүйреп шығарып, жұлқылап, жерге құлатып, қолына кісен салып, тізесімен басын езіп, ауыр қылмыс жасаған адамдай ұстаған. Қанша жерден тәртіп бұзса да, ол кінәсі дәледенбеген адам. Полиция қызметкерлерінің артық кеткен жерлері көп болды”, – дейді Төреғалидің адвокаты.
Тілеужан Кішкенебаевтың айтуынша, Төреғали Төреәлінің полиция қызметкерлерін жазалауға мүмкіндігі болған. Алайда әнші тәртіп сақшыларына кешірім бере салды.
“Мен осы істе полиция қызметкерлеріне қарсы материал жинап, түсіретін кезде Төреғали: “Бұлардың ата-аналары, туыстары мен бауырлары — менің тыңдарыманым. Бір жолға кешірейін. Оларға тапсырма берілген соң осындай әрекеткен барған болар. Кешірімді болған дұрыс” деп түсіністік танытып, істі тоқтатып қойды”, – деді Тілеужан Кішкенебаев.